Үкімет салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шаралар ұсынды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында салық саясатының жаңа бағытына тоқталды, деп хабарлайды 24kz.
Үкімет басшысының сөзінше, бюджет жүйесіндегі өзгерістерден кейін қосымша салық түсімдері пайда болып, ел қазынасы толыға түседі. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімді ынталандыруға, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қуандық Танабас, тілші:
- Жаңа салықтық реформа кейінгі кезде ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналғаны рас. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да жаңа бюджеттік-салықтық саясаттың мән-маңызы айтылды. Премьер-министр жекелеген оң нәтижелерге қарамастан, экономиканың өсу қарқыны баяу екенін атап өтті. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды. «Елдің өнеркәсіптік әлеуетін толық көлемде іске асыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет», - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бізде «даму бюджетінің» көлемі жеткіліксіз. Дамыған елдерде ол барлық мемлекеттік шығыстың 25%-іне жетеді. Ал бізде – 8%. Яғни, 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет. Экономикалық дамудың негізі болатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер мен инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің салық-бюджет жүйесін реформалау туралы ұсынысын мақұлдады, бірақ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керегін баса айтты. Салықтық өзгерістер аясында Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін арттыруды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде «даму бюджетінің» өсуіне ықпал етеді.
Дәл осы «даму бюджетінің» жеткіліксіздігінен электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, жол, инженерлік желілер және инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Мұндай жағдайда экономика өсімінің жоғары қарқынын тұрақты қамтамасыз ету өте қиын.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Біз қазір қосымша құн салығын арттыру мәселесін көтеріп отырмыз. Бірақ Үкімет оның мөлшерін қанша пайызға көтеруге қатысты нақты шешімге келген жоқ. Қазір түсіндіру, талқылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірнеше рет кәсіпкерлер қауымдастығымен кездесулер өткіздік. Еліміздегі білікті салық мамандарымен кеңесіп жатырмыз. Бірақ реформа әлбетте керек. Мемлекет салық жинамаса, өзінің әлеуметтік, экономикалық функцияларын қалай атқарады? Сондықтан біз қосымша құн салығының мөлшерін арттырамыз. Қазір Парламентте Жаңа Салық кодексінің жобасы қаралып жатыр.
Сонымен қатар Үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр. Қазір бұл меже 78 млн теңгені құрайды. Ал оны төлеп отырған бизнес субъектілерінің саны ел бойынша небәрі 137 мыңды құрайды. Ал бұл жұмыстардың нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 6-7 трлн теңге түсім түседі деп жоспарланып отыр. Бұл қаражат экономиканы дамытудың нақты секторына бағытталады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- 6-7 трлн теңге қосымша қаржы Үкіметтің даму бюджетіне барады. Ертең ол деген жоғары сапалы жұмыс орындары ашылады. Экономиканың басқа бағыттарына әсер етеді. Жұмыс орындары көп болады. Әрбір жанұяның, адамның дамуына әсер етеді деп сенеміз.
Елдің бюджеттік-салықтық жүйесіндегі өзгерістер көлеңкелі экономикамен күресті күшейте түседі. Қазіргі уақытта Парламентте жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланып жатыр.
Авторлары: Қуандық Танабас, Ержан Қанапияұлы