Қостанай облысындағы су қоймалары жарты ғасырға жуық жөнделмеген
Тозығы жеткен гидротехникалық құрылымдардың жақтаулары мүжіліп, бұзыла бастаған, деп хабарлайды 24KZ. Темір қақпаларын тот басып тұр.
Былтыр өңірдегі екі ірі су қоймасына азды-көпті жөндеу жүргізілді. «Бірақ су былтырғыдай тасыса, бөгеттердің төтеп бермеуі мүмкін», – дейді мамандар.
Қостанайдың іргесіндегі Амангелді су қоймасы 1964 жылы салынды. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Осыдан 10 шақты жыл бұрын жабдықтарын ауыстырып, қайта жаңғырту туралы шешім қабылданып қаржы да бөлінді. Бірақ мердігер материалдар қымбаттап кетті деген желеумен бастаған ісін аяқсыз қалдырған.
Берік Қарсақбаев, Амангелді су торабының басшысы:
- Су бөгегіш темір қақпалар, бетон жиектері толық ауыстырылуы тиіс еді. Одан кейін көтергіш кран, оның теміржолын толық жөндеу көзделген. Гидротехникалық нысанның аумағын, қоршауын қалыпқа келтіру керек еді. Оның бірде-бірі істелмеді. Ұзақ жылдар бойы қолданыста болғандықтан, металдардың тоттануы – қазіргі кездегі негізгі мәселе.
Әрине, мұндағы мамандар қарап отыр деуге келмес. Мүмкіндіктері жеткенше қам жасап жатыр. Былтыр ашық-шашық жатқан электр желісін жаңартып, дұрыстап алған. «Кранды да жұмыс қалпында ұстап отырмыз», – дейді. Негізінен қазір облыстағы Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймалары басты назарда.
Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:
- Екі үлкен су қойманы жөндеу басталды. Былтыр 250 миллион тенге қаражат бөлінді. Енді жоспар бойынша 600 миллионға дейін 2025 жылы да бөлінеді. Оның негізінде бетон жұмыстарымен шандорларды бекіту... Солардың жұмыстары бекітілген. Жоспар бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтті. Қазіргі таңда мердігерлер таңдалып, көктемге қарай жұмыстарға кіріседі және де облыс бойынша шамамен 30 жуық дамба жөнделді.
«Қостанай су шаруашылығы» мекемесінің басшысы Дәурен Әбдіқамитовтың айтуынша, су қоймаларын жаңғыртудың кешенді жоспары жасалған.
Дәурен Әбдіқамитов, «Қостанай су шаруашылығы» РКК Қостанай филиалының директоры:
- Кешенді жоспарға сәйкес Жоғарғы Тобыл су қоймасын жаңғырту 2025-26 жылдары, Қаратомарды 2026-27 жылдары, ал Амангелді су торабында күрделі жөндеу 2027-28 жылдары жүргізіледі. Әрине, көп қаржы керек. Бір ғана Жоғары Тобыл қоймасын бастан-аяқ қалпына келтіруге 4,8 миллиард тенге қажет деп жобалап отырмыз.
Қазір облыстағы 6 бөген орташа есеппен 65%-ке толы. Алдағы ақпан-наруыз айындағы ауа райының болжамына қарай қоймалардағы су мөлшері реттеліп отырады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.