Атыраулық әйел қызын онлайн аңдыған жігіттің үстінен шағымданды

Атыраулық келіншек жасөспірім қызының қыр соңына түсіп, онлайн аңдыған жігіттің үстінен шағымданды.

Жергілікті полиция бұл істі қарауына алған. Алайда киберсталкинг  ұғымы еліміздің Қылмыстық кодексіне енді ғана енгізілгелі жатыр. Онлайн аңдығаны үшін болашақта қандай жаза тағайындалуы мүмкін? Жалпы киберсталкингтен келер қауіп қандай?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Интернеттен кез-келген адам туралы ақпар тауып, оның қайда жұмыс істейтінін, немен айналысатынын, бос уақытында немен шұғылданатынын анықтау қиын емес. Өйткені мұндай мәліметтің бәрі ашық дереккөздерде, әлеуметтік желіде сайрап жатыр. Киберсталкер үшін бұл оңай олжа, ал өзінің өмірін, күнделікті тіршілігін әлеуметтік желіде қанен-қаперсіз бөлісетін жан үшін үлкен қауіп.

Әлеуметтік желі былай тұрсын, сервистік қызмет кезінде қолданылатын телефон нөмірінің өзі арам пиғылдыға жеткілікті. Мысалы, қаңтардың басында Атырау тұрғыны «қызымды аңдыды деп» 25 жастағы азаматтың үстінен арыз түсірді. Келіншектің айтуынша,14 жастағы қызы жазда дөнерге тапсырыс берген. Онысын үйге жеткізген азамат сол кезден бастап қызбен жақын танысу мақсатында қыр соңына түсіпті.    

Киберсталкингке ұшыраған қыздың анасы:

- Ол одан кейін де әрі қарай жалғастырған екен. Жаңағыдай донер әкеледі, коласын ұмытып кетеді. «Коланы алсайшы» деп қайтадан шақырады. Сосын «мен сені аңдып жүрмін. Мен сені бақылап жүрмін» жаңағы түндерде жазады. «Сен үлкенсің маған жазба» деп блокқа салса да инстаграм арқылы шығады. Инстаграмда тағы да блокқа салып тастаса да фейк аккаунттармен шығып, маза бермеген қызыма. орыққаннан біздер мектепті ауыстырдық осы жерде.  

Жергілікті полиция департаменті бұл істі қарауға алғанын жеткізді. Бұл ретте сталкинг құрбандарының көп жағдайда ізіне түскендерді танитынын айта кету керек. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты түрлі жобаларға атсалысатын заңгер Әйгерім Құсайынқызы бұған мынадай түсініктеме берді. 

Әйгерім Құсайынқызы, заңгер, “Конституциялық және саяси зерттеулер институтының” зерттеушісі:

- Біз жұмыс жасаған қайғылы оқиғалар, мысалы әйелді өлтіріп қою немесе мүгедек қылдыру, немесе денсаулығына ауыр зиян келтіру жағдайының кейстерінде біз қараған кемінде  90 пайызында қыздар айтады «ол мені аңдып жүргенін білдім». Яғни ол осы қылмысқа оқталмастан бұрын, «Ол менің мекен жайымды білетін, ол менің жұмыстан қайтқан кезімде артымнан жүретін. Мені біреу аңдып жүргендей сезімде болатынмын. Немесе киберсталкинг, мен оны блоктап тастасам да, ол меін басқа аккаунттан кіріп мені қадағалайтын, бақылайтын. Таныс емес нөмірден звондайтын» деп айтады.

Рас, киберсталкерді барлық жерде бұғаттап тастауға болады. Бірақ бұл оңай құтылудың амалы емес. Өйткені қазіргідей ақпараттық технологиялар дәуірінде онлайн аңдудың талай тәсілі бар. Тосқауыл қоюдың бір ғана амалы - заң жүзінде жазаға тарту. Осы себепті Қазақстанның қылмыстық-процестік және қылмыстық атқару кодекстеріне жаңадан өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Соның ішінде киберсталкингке қатысты бап та бар. Мәжілістегі арнайы комиссияның басшысы Абзал Құспан осы бапты енгізу үшін арнайы Канадаға барып, қылмыстық-атқару тәжірибесін зерделегенін айтады. Айтпақшы, киберсталкингті қылмыстық ұғым ретінде енгізген елдер аз. Ілуде бірі дәл осы Канада.     

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Сталкинг деген бап Канаданың қылмыстық кодексінде ауыр баптардың қатарына жатқызылған. Германияда да солай. Біздер жалпы бұны тек қылмыстық теріс қылық категориясына енгізіп отырмыз. Яғни ауыр, аса ауыр санатқа жатқызбаймыз. Өйткені неге? Жаңадан енгізілген баптардың барлығын біз негізі абайлап енгізуіміз керек. Неге десеңіз бұл жаңа норма. Оны белгілі бір тәжірибеден сынақтан өтуі керек. Екіншіден әлі біздің тұрғындарымыз, азаматтарымыз дайын емес.

"Заңның мақсаты – сталкерлерді бірден қатаң жазаға тартып, түрмеге тоғыту емес",- дейді депутат. Абзал Құспан осы ретте қылмыстық заңнамамен бірге тәрбие жұмысын қатар жүргізу қажеттігін айтады. Десе де, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл немесе 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындау ұсынылып отыр. Жақында заң жобасы мәжілістің екінші оқылымынан өтеді. Ал атыраулық тұрғынның арызы жаңарған Қылмыстық кодекс аясында қаралуы мүмкін бе? Бұны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық. 

Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев