Оралда базарларды жетілдіру бағдарламасы жүзеге асады
Орал қаласында 14 базарды жаңғыртып, заман талабына сай жабдықтау керек. Сатушыға да, тұтынушыға да қолайлы жағдай болуға тиіс.
Жалпы жыл соңына дейін елде 100 базарды жетілдіру жоспары бар. Сауда және интеграция министрлігі арнайы жол картасын бекітті.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Қаланың шетіндегі мына базардың ашылғанына 30 жылға жуықтады. Азық-түліктің жабық павильонға көшкені болмаса, басқа өзгеріс бола қойған жоқ. Қыстың сақылдаған аязында да, жаздың ыстығында да сауда сыртта жүреді. Сатушы да, алушы да оған еті үйренген.
Мария Есқалиева, кәсіпкер:
- Мен осы жерде ет сатқанымызға 25 жыл болды. Ет сататындар жылы жерде тұрамыз. Сырттағы қыздарға қиындау. Сыртта зат сатып тұрған қыздарға осы жерден ет комбинатынан «Ремзаводқа» дейін біршама аймақ бар ғой. Осы тұрғындарды қамту үшін үлкен базар салғанын қалаймыз.
Осы жерде сауда үйі салынады, базар уақытша жабылады деген әңгіме шыққалы сатушылар алаң көңілде. «Сауда үйі қанша уақыт салынады, оған дейін қайда барамыз, ертең жабық ғимаратқа көшкенде орын ақысы өсіп кетпей ме?» деген сауал мазалайды.
Лариса Яшкова, кәсіпкер:
- Осы базарда 27 жыл тұрам. Тұрақты клиенттерім бар. Азды-көпті сауда жүріп жатыр. Сыртта салқын, ылғал болса да, үйреніп кеттік. Ертең жаңа сауда үйін салып, жылы жерге көшірсе жақсы, әрине. Біздің қорқатынымыз – ештеңе салмай, базарды жауып тастаса, қайда барамыз? Қайтіп күн көреміз?
Орал қаласында 21 базар болса, соның 7-іне бұған дейін модернизация жасалды. Ал 14-і биылға қалған. Олардың ішінде әлі әрі-сәрі күйде отырғандары да, жаңа құрылысты бастап кеткендері де бар.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Біз қазір Орал қаласының орталығындағы «Землячка» деп аталатын базардың алдында тұрмыз. Бұрын осы жерде адамдар қаптап, сауда қайнап жататын. Ал қазір базар аумағы жым-жырт, тіпті есігі, яғни, қақпасы да кілттеулі тұр. Базар қожайынының айтуынша, осы жерде биыл заманауи сауда үйі бой көтереді.
Вениамин Мұқатаев, базар қожайыны:
-Осы жерде бұрын 140-тай контейнер болды. Құрылыс материалдарын сатты. Соның орнын тазаладық. Жалпы Үкіметтің базарларды жетілдіру туралы қаулысы өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі халықтың денсаулығы бәрінен қымбат, сауда жылы, ыңғайлы, жарық жерде жүруі тиіс. Әрі есеп-қисап, салық салу да бәрі ашық болуы керек.
Жаңа базардың құрылысы жұмыс жобасы дайын болғаннан кейін наурыз айында басталмақ. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру жағы да қарастырылады.
Эльмира Қиматова, БҚО Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:
- Біздің қалада заманауи сауда форматына сай емес базарлар бар. Олардың барлығына да 31 желтоқсанға дейін уақыт берілді. Жаңа сауда орындарында сатушыларға да, алушыларға да автотұрақтан бастап барлық жағдай жасалуы тиіс. Жетілдіру жұмыстары кәсіпкердің өз қаржысына жүреді. Мемлекет тарапынан «Даму» қорынан екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие түрінде қолдау болады.
Жалпы биыл елімізде 100 базарды жетілдіру жоспарланса, соның 14-і Оралда орналасқан.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов