Шымкентте екі көшенің құрылыс мерзімі тағы ұзартылды

Шымкентте екі көшенің құрылыс мерзімі тағы ұзартылды

Шымкентте Тұран шағын ауданындағы екі көшенің құрылыс мерзімі тағы ұзартылды, деп хабарлайды 24kz.

Себебі жекеменшік жер телімдерін мемлекет қорына қайтару ісі созылып кеткен.

Бұл туралы қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері мәлімдеді. Ал, балшық кешкен тұрғындар: «Сапалы жолды күтіп шаршадық», - дейді.

Тұран шағын ауданындағы басты көшелердің құрылысы кестеден кешігіп жатыр. Жаңа аудан 6 жылдан бері инфрақұрылыммен толық қамтылмады. Тұрғындардың орталыққа қатынауы қиын.

Лаура Аңдақұлова, қала тұрғыны:

- Жаңбыр кезде мына жердің бәрі су болады. Тратуармен жүрейін десек, ол да әлі толық бітпеген. Үзіп қоя берген. Кішкене тратуар төселеді де, үзіп қояды. Арасының бәрі үзік-үзік. Жүре алмайсың.

Инженерлік желілер мен коммуникациялық жүйелер де толық тартылып бітпеген. Салдарынан бағдаршамдар жиі істен шығады. Көлік жүргізушілерін А-2 трассасына апаратын 3,5 шақырымдық жолдың жайы да алаңдатады. Себебі, мұнда жер асты кәріз жүйесін тарту кезінде апат болып, асфальт жамылғысы ыдыраған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Құрылыстың аяқталмауынан Қожаберген жырау көшесінде қауіпті учаске пайда болды. Мұнда асфальттың бір бөлігі бүлініп, жол жиегі опырылып түскен. Сондықтан қас қарайғанда көлік қозғалысы қиындайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан құрылған еріктілер де осы екі көшенің құрылысына назар аударды. Белсенді топ тендерге талдау жасап, атқарылған жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамамен сәйкестігін тексерді. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталды.

Айжан Кесебаева, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасының мүшесі:

- Қоғам белсенділерінің шығып, мониторинг жасау барысында жол төсеу, веложолақтарды жүргізу және суды бұру бойынша қателіктер болғаны анықталды. Тапсырыс берушіге осы қателіктерді түзеу бойынша тиісті хаттар жолданды. Қазіргі уақытта бұның барлығы қоғамдық бақылауда деп айта аламын.

Осыдан кейін тапсырыс берушілер «Қожаберген жырау» атындағы көшенің құрылысына қатысты сотқа талап-арыз берген. Қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері кемшіліктерге жол беріп, жұмысты мерзімінде аяқтай алмайған мердігерді айыптады. Жетінші көше аталып кеткен жобаның созбалаңға салынуына жекеменшік жер учаскесін мемлекетке қайтару кезіндегі қиындықтар себеп болған.

Бақыт Әбдікәрім, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:

- Енді оған қарамастан қазір бізде жұмыс басталып жатыр. Байқасаңыз, қыс мезгілі болса да, жұмыстар істеліп жатыр. Мүмкіндігіне қарай істеп жатырмыз. Жетінші көшенің құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылы марттың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал оныншы көшенің құрылыс жұмыстары бойынша 2024 жылы аяқтамағы үшін және биыл бастамағаны үшін сотқа беріп жатырмыз.

Бұған дейін екі көшенің бойына тым жақын орналасқан 96 учаске мемлекет қажеттігі үшін сатып алынды. Жекенің меншігіндегі тағы 60 жер учаскесін қайтару үшін құрылысты аяқтау мерзімі ұзартылды. Сала мамандары бұл көшелерден бөлек тағы үш жобаның жеңімпазына айыппұл салынып, жұмысты жеделдету тапсырылғанын айтты.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы