М.Әшімбаев: Президент тапсырмаларын іске асыру жолында нақты істер қажет
Парламент Президент белгілеп берген міндеттердің орындалуын ерекше назарда ұстайды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін осылай деді.
Әрі Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын уақытылы орындау қажеттігін айтты. Жоғарғы палата заңнамалық өзгерістерге қатысты тапсырмалар аясында нақты жұмыс істейді. Мәселен жаңа Бюджет және Салық кодекстерін қарайды. Сондай-ақ Парламентке сессия соңына дейін геологиялық барлау жұмысының тиімділігін арттыратын заңнамалық түзетулер қабылдау міндеті жүктелді. Еліміздегі энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру ісінің маңызды екені де айтылды. Бұл да заңнамалық қолдауды талап ететін бағыт.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Аталған және басқа да тапсырмаларды іске асыру жолында батыл шешімдер мен нақты істер қажет. Сондықтан Үкімет отырысында айтылған мәселелерді жұмыс барысында басшылыққа алып, тиісті заңдарды қабылдайтын боламыз. Алдағы уақытта Президентіміздің барлық тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындау жолында Үкіметпен және Мәжіліспен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін.