Елімізде бір млрд теңгенің күмәнді қаржылық операциялары бұғатталды

Елде жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 13 мың күмәнді қаржылық операция бұғатталды.

Бұл алаяқтарды анықтау бағытында былтыр құрылған Антифрод-орталық жұмысының нәтижесі. Арнайы орталық арқылы банктер мен Ішкі істер министрлігі онлайн режимде ақпарат алмасуға мүмкіндік алды. Бұдан өзге елде қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың Жол картасы аясында бірқатар заңнамалық түзету енгізу көзделіп отыр. Соның бірі енді банк 580 мың теңгеден асатын несиені азаматтың шотына 1 тәуліктен кейін ғана аударатын ереже енгізілмек. Бұл алаяқтыққа тұсау болуы тиіс, дейді мамандар. Жалпы елде интернет алаяқтық деректері жыл сайын көбейіп барады.

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Алаяқтар азуын ақситқан бүгінгі қоғамда дербес деректерді қорғау мүмкін бе? Өзіңіз жайлы мына мәліметтерді әркез құпия ұстаңыз: -күнделікті қолданатын банк картаңыздағы деректер, оның ішінде,, артқы бетіндегі 3 сандық кодқа абай болыңыз;-смартфоныңыздағы банк қосымшасына кіретін пин-код, құпиясөздер ешкімге жарияланбасын; -банктік шотыңыздың деректері; -Сосын қаржы операцияларын растау кезінде келетін SMS, push-хабарламаларды үшінші тұлғаға жария етпеңіз.

Себебі аңғал ағайынды арбауға машықтанған әккілер бұл деректерді лезде құйтырқы әрекетіне пайдалана кетеді. Ресми ақпаратты қараңыз: интернет-алаяқтар 1 жылда азаматтарды 20 млрд теңге шығынға ұшыратқан. Бірінің атынан заңсыз несие алса, екіншісінің шотынан ақша ұрлады, мессенджерін бұзып кіріп, тағы сол қарызға қаражат сұрап, тіпті бопсалауға дейін барды. Бұның арты неге апарады? Бір қоңырау немесе бір хабарламаның өзі сізді тақырға отырғызуы мүмкін.

Елена Миргородская, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Олар бұзып кіру арқылы барлық жеке деректерімізге қол жеткізді. Әп-сәтте күйеуімнің атынан хоум банктен 5 жарым млн теңге, халық банктен 950 мың теңге, және робокэштен 100 мың теңге несие рәсімдеген. Менің атымнан 2 млн теңге каспи несиесі мен шағын қаржы ұйымынан 100 мың теңге алған. Жалпы сомасы - 8 млн 650 мың теңге.

Тұрмысын жеңілдетпек болған кейіпкеріміз әлеуметтік желідегі қосымша табыс туралы жарнамаға көз салады. Тұтқаның арғы жағындағы адам биржа арқылы ақша табуға шақырып, төлқұжатын сұрайды. Аңғал әйел айтқанын орындайды. Соңы міне – 8 жарым млн теңдеген астам кредит мойынына ілінді.

 «Жау жоқ деме, жар астында». Былтыр елде алаяқтық жолмен онлайн-кредит рәсімдеуге қатысты 6 мыңнан астам факті тіркелді. 1 жарым мың қылмыскер құрықталды. Қаржы сарапшылары егер абайсызда атыңызға борыш ілінсе, дереу құқық қорғау органдарына жүгінуді кеңес етеді .

Бэлла Чиканова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысы /Алматы/:

- Егер сізде кредитіңіз бар болса және ол кредитті сіз алмаған болсаңыз немесе сізге қысым көрсетіп кредит алтыртатын болса, сол банкке барып құзырлы орган берген анықтаманы апарасыз және сіздің қарызыңыз бойынша банктер немесе микроқаржылық ұйымдар міндетті түрде пайыздарын тоқтату керек және осы қарыз бойынша қандай да бір іс-әрекеттерді яғни қайтарып алу жолдарын бәрін тоқтату керек.

Тәртіп сақшылары бүгінде «дроп» ұғымы көпшілікке мәлім, - дейді. Олар ұрланған қаржыны өзге арнаға аудару үшін делдалдың рөлін атқарады. Былтыр осындай 56 дроп ұйымдастырушы жауапқа тартылды.

Аслан Өскембаев, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

- Егер де біздің азаматтар алаяқтарға көмектеспесе қылмыс фактілері азаяр еді. Көп жағдайда адамдар дроп қызметі бұл қылмыстық әрекет екенін біле тұра өз карточкасын ұсынып, пайызын алады. Үлкен соманың аударымдары жасалады. Тегеу кезінде бұны мойындайды. Биыл жаңа нормалар қабылданса, дроптарды жеке бап бойынша жауапқа тартамыз. Әзір алаяқтыққа көмектесу бабы бойынша жазалап жатырмыз.

Тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев мәселе жаһандық ауқымға ие, - дейді. Әсіресе, пандемия кезеңінен бастап екінші деңгейлі банктерге онлайн шабуылдар жиілеп, қыруар қарыз заңсыз рәсімделген.

Нұржан Биякаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

- Қазақстан бойынша зардап шеккендердің жалпы шығыны шамамен 100 млрд теңгеге жетеді. Яғни, бұл қаражат ел экономикасынан сыртқа шығарылғанын түсіну керек. Қазір алаяқтық әрекеттері жиі орын алған 10 банкке қатысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Ұлттық банк тарапынан ауқымды тексеріс жүріп жатыр.Банктердің міндеттерін қатаңдату керек. Жаңа заңды әзірлеу кезінде біз осы нормаларды енгізіп, бекітеміз деп үміттенемін.

Былтыр Президент азаматтардың шамадан тыс несие алуын және тәуекелдерді азайтуды көздейтін заңға қол қойды. Енді банктер туралы жаңа заң қабылдау жоспарланып отыр. Депутаттар жеке тұлғалардың несиелері сақтандырылуы керек. Сонда, азамат мен банк арасындағы тәуекелдер тең болады- дейді.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 7 қазан күні Көкшетау қаласы тұрғынының картасынан 90 мың теңге жоқ болған. Банк бөлімшесіне шағымданған әйел ақшасының қайда кеткендігі жайында толыққанда түсініктеме ала алмады. Бүгінде көп азаматтарымыздың қаражаты банк шоттарында сақталады. Қылмыстар екінші деңгейлі банктердің электронды мәліметтер базасының лайықты деңгейде қорғалмауынан болып отыр. Түптеп келгенде, отандастарымыз ғана жапа шегуде. Банктер өз жүйелерінің қауіпсіздігін нығайтуға құлықсыз.

Әрине бұндайда арызданып, сотқа жүгіну ұзақ процесс. Тосын жайттың алдын алу әлдеқайда тиімді. Біз шағын сауалнама жүргіздік. Дауыс беруге 900-ге жуық адам қатысты. Егер Сізге: «Дәл қазір онлайн несие қолжетімді» деп, бейтаныс нөмірден хабарласса, несие рәсімдейсіз бе? деген сұраққа респонденттердің 90%-ы «Бұл алаяқтар екенін біліп, сөйлесуді доғарамын» деп жауап берген. Ал 5%-ы «Әрине, кейде сөйлесіп, онлайн несие алып тұрамын»,десе, тағы осынша адам қажет болған жағдайда несие алуға болатынын айтқан. Ал жеке деректеріңізді қалай қорғайсыз? деген сауалға респонденттердің 62%-ы құпия деректерімді үшінші тұлғаларға таратпаймын десе, 9%-ы оны жариялаудың еш қаупі жоқ деп санайтынын жеткізген.