ЖИ қауіпсіздігі туралы бірінші халықаралық есеп жарияланды
Жасанды интеллект қауіпсіздігі туралы бірінші халықаралық есеп жарияланды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл есеп үшінші жасанды интеллект саммиті қарсаңында жасалған. Ол жаңа технологиямен байланысты бірқатар тәуекелдерді сипаттайды.
Жасанды интеллект технологиясынан туындайтын қауіптердің қатарында бірінші кезекте еңбек нарығына әсері жайлы айтылған. «Қысқа мерзімде ол когнитивті тапсырмалардан тұратын, яғни, ой-өрісті, сараптаманы қажет ететін жұмыс орындарына қатты әсер етеді», - дейді мамандар.
«АІ технологиясының жетілдірілуі және кеңінен қолданылуы жұмыс жүктемесін өзгертіп, жалақыға да ықпал етуі мүмкін», - делінген есепте. Бұдан бөлек, кибершабуылдар мен дипфейк тарату мүмкіндіктері де технологияның басты тәуекелдері ретінде қарастырылған. Әрине, есеп жасанды интеллект тудыруы мүмкін түрлі тәуекелдерді талдайды, бірақ олардың күрделілігі мен туындау ықтималдығы әлі де белгісіз. «Осыған байланысты жасанды интеллекттің дамуын бақылау және дәлелдер жинау қажет», - делінген жазбада. Сондай-ақ бұл бағытта қауіптермен күресу үшін халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми талқылаулардың маңызды екендігі айтылған. Ақпан айында Францияда өтетін жасанды интеллектке қатысты саммитте осы мәселелер талқыланады.
AlemAI орталығын ашуға дайындық жүріп жатыр
Жақында ірі IT-компаниялармен Астанада кеңселерін ашуы мүмкін. Қазір Қазақстан тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығында орналасады. ІТ саласындағы компаниялар пулын жинақтау процесі басталды. Олардың қатарында Telegram, TON, Tether, Google және басқа да технологиялық алыптар бар. Бұл компаниялар ғылыми-зерттеу жүргізуге және жаңа жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуге атсалысады. AlemAI орталығы Астанадағы «Нұр-Әлем» павильонында ашылады. Қазір ғимараттың қайта жаңарту жұмыстары басталды. «Сондай-ақ мектеп оқушыларынан, кәсіби мамандарға дейінгі білім алушыларға арналған оқу бағдарламалары бекітілді», - деп хабарлады «Астана Хаб» өкілдері.
Дулат Мамырқұл, ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің басқарма басшысы:
- Халықаралық жасанды интеллект орталығы 2025 жылдың қыркүйек-қазан айларында ашылады деп жоспарлануда. Оның басты мақсаты – Қазақстанда жасанды интеллект шешімдерін дамыту, 2029 жылға қарай жасанды интеллект саласындағы экспорт көлемін 5 млрд долларға арттыру. Сонымен қатар жыл сайын мыңдаған маманды даярлау, жүздеген стартапқа қолдау көрсету және ғылыми зерттеулерге көмектесу.
Биыл 50 виртуалды көмекші іске қосылады
Қазақстанда жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтерді алу үшін 50-ден астам виртуалды көмекші пайда болады. Олар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Бұл туралы цифрлық даму министрлігі хабарлады. Еске салайық, былтыр желтоқсан айында бұл бағыттағы жұмыстардың алғашқы жемістері таныстырылды. Министрлік eGov жүйесінде виртуалды көмекші пайда болғанын айтып, оны көпшілікке ұсынған.
Кәсіпорындар жұмысының 87% жасанды интеллектпен ауысуы мүмкін
2030 жылға дейін кәсіпорындар жұмысының 87%-сі жасанды интеллектпен толықтырылады немесе ауыстырылады. Дүниежүзілік экономикалық форумда осындай болжам жасады. Сондықтан біздің елде қазір инженерлерді даярлау бағдарламасына кәсіби қызметте жасанды интеллектті қолдануды оқытатын пәндер енгізіліп жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның 3 университетінде жасанды интеллект мамандарын оқыту басталды. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова мәлімдеді.
Гүлжан Жарасова, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Үш шетелдік жетекші университеттермен бірлесіп, 3 университет базасында ЖИ саласында кадр даярлау жұмыстары басталды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (SeoulTech) бірлесіп, Сәтбаев университеті City University of Hong Kong (CityU) бірлесіп, ал Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Лу Бань шеберханасы базасында жасанды интеллект мамандарын даярлаудың жаңа бағдарламаларын қолға алды.