Әмірлікте арнайы жасақтардың әлем чемпионаты басталды

Біріккен Араб Әмірліктерінде бүгін арнайы мақсаттағы жасақтардың әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды 24KZ. Дода Дубайдың «SWAT Challenge» алаңында өтіп жатыр. Ел атынан бұл сынға 12 команда қатысады. «Сардар», «Бүркіт», «Арыстан» атты әйгілі құрамаларымыз биыл бұған дейін қол жеткен жетістіктерді еселеуді көздеп отыр. Былтырғы сайыста қазақстандық «Сардар» командасы 80 құрама ішінен жүлделі үшінші орынды иеленді.

Жалпы «SWAT Challenge» бес күнге жалғасады. Жарыс кедергілерден өту, нысананы шабуылдау, кепілге алынғандарды құтқару, жаралыларды қауіпсіз жерге көшіру және оқ ату секілді бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіліктің жүлде қоры 260 мың доллар. Іс-шара сарбаздардың шыңдалып, өзге елдегі әріптестерімен шеберлік байқасуға мүмкіндік береді.

Аңсаған Балтабеков, ҚР Ішкі істер мнистрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы:

- Әлем елдерінің арнайы жасақтарының сайысы – дүниежүзінде алдыңғы қатарлы жарыстардың бірі. Былтыр бұл жерде Қазақстаннан 4 команда қатысса, биыл 12 команда бақ сынағалы тұр. Атап өтер жайт, сол 12 команданың ішінде «Томирис» деген қыздар командасы бар.