Ақтау тұрғыны үйінің кіреберісін ұлттық нақышта безендірді

Ақтаулықтар көпқабатты баспаналардың кіреберісін әсемдеуге әуес. Жуырда өз үйінің пәтеріне кіреберісті ұлттық нақышта безендірген ер адам әлеуметтік желіде «жұлдызға» айналды. Ол үйдің қабырғалары мен басқыштарына киіз үйдің керегесі, шаңырақ, қошқар мүйіз ою секілді қазақы жәдігерлерді салған. Егде жастағы тұрғын бұл жұмысты көпшілік ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетін біліп жүрсін деген ниетпен жасапты.

Биыл төртінші сыныпқа барған Сұлуым – атасының көмекшісі. Түрлі-түсті сырды езіп, үй қабырғасына трафарет көмегімен сурет салуға жәрдем береді. Оқушының айтуынша, пәтерге кіреберістің ұлттық нақышта безендірілуін көршілері бірауыздан қолдапты. Қонақтардың дені осы жерде селфи жасауды  әдетке айналдырған.

Сұлуым Ерсайын, оқушы:

- Біздің үйге көп қонақ келеді. Солар суретті қарап таңғалады. «Кім салды?», –  дегенде мақтанып айтамын: «Атам екеуіміз салдық», – деп. Ақтауда көп үйлер бар, соның подъездері осындай әдемі болсын деп қалаймын.

Сервистік компанияда жүргізуші болып жасайды істейтін Ерсайын Сейітжан бос уақытын сурет салуға арнайды. Бес қабатты үй подъезін безендірмес бұрын қағазға ұлттық нақыштағы бейнелердің нұсқасын сызған. Сол эскиз бойынша жаңа жыл алдында екі апта еңбектеніпті. «Кіреберіс тазаланған уақытта бұл бояулар кетпейді. Ал терезеге жапқыш іліп, еденге гүл салынған ваза қою – жұбайымның кеңесі», – дейді ол.  

Ерсайын Сейітжан, қала тұрғыны:

- Өзімізге сай болуы үшін қазақтың өрнегін салған себебім сол. Енді өзіңіз білесіз ғой, қанша дегенмен көп қабатты үйлерде кейді ағымдағы жөндеу болады. Кейде болмайды. Сол себептен өз үйімнің қабырғасын, подъезінде текемет түрінде және болашақта да балаларға өнеге болсын деп салдым.

Осы секілді үлгілі іс тындырған Нұраддин есімді зейнеткерге де қала халқы риза. 71 жастағы шебер көп қабатты подьезд ішін тазалап, сырлап шыққан. Еденге кілем төсеп, кіреберіс төбесіне әткеншек орнатты. Қабырғаларға картиналарды іліп, тіптен ас үстелін де қойыпты. Қазір бұл дәліз тұрғындар жиналатын сүйікті орынға айналған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев.