Атырау облысында жылыжай шаруашылығы жанданып келеді
Биыл Атырау облысында аумағы 5 гектарға тең өндірістік жылыжай іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер де қияр мен қызанақты жыл бойы өсіруді қолға алды. Бір ғана Махамбет ауданында 12 кәсіпкер 8 гектар жылыжай салды. Бақша өнімдері мен қияр-қызанақты тек шілде-тамыз айларында тұтынатын облыс тұрғындары үшін бұл – оң бастама.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Артур Қожантаев жылыжай шаруашылығын 4 жыл бұрын қолға алған. Жылыжайы 3 бөліктен тұрады. Алдының өнімін жинай бастағанда келесісі отырғызылады. Осылайша, Артур жылдың 9 айында аудан мен облыс тұрғындарын сапалы қиярмен қамтып отыр. Мұнда 7 адам жұмыспен қамтылған.
Артур Қожантаев, кәсіпкер:
- Жылыжайдың көлемі 3500 шаршы метр. Қазір дән салынып жатыр. Құдай қаласа, наурыз айынан бастап, наурызға егін шығады. Бұл жылыжайға, ең бастысы, жылылық керек. Жылы болса, егін шығады. Температура минумум 18 градустан түспеу керек. Әйтпесе, ауырады Егін ауырса, оны қайтадан емдеу қиынға соғады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Жыл бойы жалғасатын жылыжайдың жұмысы оңай емес. Бүгінде көріп тұрсыздар, диқандар әр қалбырға бір-бір дәннен салып, отырғыза бастады. Ол 22 күнде өсіп жетіліп, сосын жерге көшіріледі екен. Осылайша, қазір олар 10 мың дана қалбырды жерге отырғызуға жұмыстанып жатыр.
35 сотық аумақты жылумен, жарықпен қамту оңай емес. Кәсіпкер жыл сайын коммуналдық қызметке 1 млн теңгенің үстінде ақша төлейтінін айтады. Сондықтан мемелекет қолдауы бизнесін жаңа бастағандар үшін өте маңызды.
Олжас Мырзабаев, Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Мемелкеттен бұл жылыжайлардың газ отынына 40%-ке дейін шығынын өтеу қарастырылып жатыр. Жақына аудан бойынша 12 шаруашылық аккредитациядан өткізілді. Осындай қолдаулар бар. Жеңілдетілген несиелер беріледі, жылыжайын кеңейткен жағдайда.
Махамбет ауданында 14 жылыжай бар. Оның біреуі өндірістік ірі шаруашылық, қалғаны шағын фермерлік жылыжайлар. Биыл қыркүйек айында аумағы 5 гектарлық тағы өндірістік шаруашылық іске қосылады деп жоспарланған. Жалпы облыстағы 30-дан астам жылыжай шаруашылығының 14-і осы Махамбет ауданында орналасқан.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин