Шымкентте қоқыс тасымалдау ісінде жанжал өршіп тұр
Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпкерлер: «Әкімдіктің жаңа бағдарламасы өте тиімсіз», - дейді.
Жергілікті билік 5,5 млрд теңгеге тендер жариялады. Оны ұтып алған компания қоқысты жинаудан бастап қайта өңдеуге дейінгі барлық міндетті орындауы тиіс. Ал, осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келген ұжымдар: «Байқау шарттары қатардағы кәсіпкерлер үшін тым қиын», - деп отыр.
Осыған дейін тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысып келген шағын компаниялар қарызға белшеден батып, банкротқа ұшырауы мүмкін. «Себебі, әкімдік жариялаған тендердің шартын орындау мүмкін емес», - дейді кәсіпкерлер.
Нұржан Карбозов, кәсіпкер:
- Конкурстың талаптары ешқандай бізге сай келмейді. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы 5,5 млрд болып белгіленген. Сол 5,5 млрд-тың 20%-ін шотымызда көрсетуіміз керек. Одан кейін 60 техника деп жазылған. Қандай техника мусоровоз ба, манипулятор ма ондай нәрселер белгіленбеген. Сондықтан біздің қаламызда қазір жұмыс атқарып отырған бірде бір компания бұл конкурсқа қатысқан жоқ.
«Мұның артында монополияландыру саясаты жатқанына сенімдіміз»,- дейді кәсіпкерлер. Өйткені талабы жоғары шартты тек қаржылық мүмкіндігі жоғары компания ғана орындай алады. Тендер жеңімпазы қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау секілді міндеттерге жауапты болмақ. Сондай-ақ жаңа арнайы техника, жартылай жерасты контейнерлері, бейнебақылау және басқару орталығы болуы керек. Қазір мегаполисте күніне 1 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылады. Бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді. Себебі, халық саны өсіп, өндірістік кәсіпорындар қатары артып келеді. Қала билігі: «Қоқыс тасымалына жауапты компаниялардың көбінде арнайы техника жоқ», - дейді. Қолда бары тозған. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан наразылық көбейген. Мысалы өткен жылы 7 мыңнан астам шағым түскен.
Гүлнара Ермекбаева, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл жобаны іске асыру қоқысты жинаудан бастап тасымалдауға, қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға дейінгі процестерді қамтиды. Себебі, тұрғындар тарапынан қоқыс тасымалына қатысты шағым көп. Әсіресе, шеткері орналасқан аудандарда тұрмыстық қалдықтар бірнеше апта бойы шығарылмай қалатын кездер болады. Конкурс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының порталында өткізіледі. Әзірге 2 өтінім келіп түсті.
Бұрын қоқыс жәшіктерін сатып алу, күтіп ұстау жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін. Жаңа жоба бойынша бұл міндет инвесторға жүктеледі. Жеңімпаз компания 2027 жылға дейін қоқыс полигоны жанынан 300 мың тонналық сұрыптау желісін салуы керек. Кәсіпкерлер әзірге жұмысын жалғастырып жатыр. Бірақ жалғыз ғана компанияның мұндай ауқымды жұмысты атқаратынына күмәнмен қарайды. «Сондықтан бізді қосалқы мердігер ретінде тартуы да мүмкін», - дейді олар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Самат Нагашбекұлы