Сенаторлар жоғары сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының жұмысымен танысты

Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді.

Бұл туралы Сенат депутаттарының Сот төрелігі академиясында өткізген кездесуінде айтылды. Академия бүгінде оқу процесін жаңғыртуға және инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуге бағытталған жаңа бастамаларды іске асыруға кіріскен. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді кеңейтуге бағытталған оң шаралар қабылданып жатыр. Бұл судьяларды даярлау сапасын арттыруға септігін тигізбек. Сенаторлар судьялыққа үміткерлер мен заң қоғамдастығы тарапынан академияға деген қызығушылықтың айтарлықтай өскенін атап өтті.

Дмитрий Малахов, ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы:

- Академия кеңестің қарауына берілгелі бері мекеме сапалы өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және ғылыми зерттеулерді кеңейтуге бағытталған тиімді шаралар қабылдануда. Қысқа мерзімді перспективадағы маңызды қадамдардың бірі ғылыми-педагогикалық магистратура мен докторантураны енгізу болып отыр. Бұл судьялардың біліктілігін одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер береді.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кездесудің мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында сот жүйесіндегі кадрлық әлеуетті күшейту, сот төрелігіне қолжетімділікті нығайту мәселелері осы академия судьяларды дайындау, қайта оқыту бойынша маңызды оқу орны болып табылады. 2024 жылдың бірінші шілдесінен бастап бұрынғы Жоғарғы соттың қарамағында болған академия Жоғарғы сот кеңесінің қарамағына өтті.