Туризмнен ел қазынасына ₸3 млрд құйылды
Ақмола облысында соңғы 25 жылда аймақтағы демалыс орындарының саны шамамен 10 есеге көбейді. Ал олардың басым бөлігі Бурабайда орналасқан.
Былтыр аймақтағы туризм саласын дамытуға 29 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі ел қазынасынан бөлінді. Нәтижесінде жаңа демалыс орындары пайда болып, инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды.
Бурабай жылдан-жылға түрленіп, туристер үшін тартымды аймаққа айналып отыр. Былтыр мұнда 1 миллионға жуық турист саяхаттап келсе, биыл қонақтардың қатары одан да көп болады деген болжам бар. Сондықтан туристік өлкедегі инфрақұрылымды жақсарту маңызды. Осы ретте, мемлекеттік инвестицияның ықпалы зор,-дейді салаға жауаптылар. Мәселен, былтыр Бурабайда жергілікті бюджет есебінен су құбырлары ауыстырылып, бірқатар жол жөнделді.
Андрей Подгурский, облыстық Туризм басқармасының басшысы:
- Бурабай курорттық аймағының 2025-2029 жылдарға арналған кешенді даму жоспары әзірленді. Осы жоспар аясында 147 шара жүзеге аспақ. Оның 50 пайызы инфрақұрылымдық жобалар екенін атап өткен жөн.
Қазір көрікті Бурабай бөктерінде жаңа демалыс алаңдары көбейді. Бірақ ол жерлердің әлі инфрақұрылымын жаңарту қажет. Бұл Бурабайдағы демалыс орындарының жүктемесін азайтады.
Шынарбек Батырханов, Туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы:
- Бизнес субъектілері жыл сайын Бурабай аймағын дамытуға инвестиция салады. Орта есеппен жылына он шақты жаңа жоба жүзеге асады. Сондықтан Бурабайдың жүктемесін азайту үшін біз қазір жаңа демалыс алаңадарын анықтап жатырмыз. Мәселен, дәл осы Бурабайдың іргесіндегі «Ақбура» демалыс аймағын дамыту маңызды. Сондай-ақ Қатаркөл және Жөкей көлдеріне де баса көңіл бөлдік.
Қазір жеке кәсіпкерлер туризм саласына инвестиция құюға құлықсыз. Өйткені қауіп көп. Кейбір демалыс орындары тек жазғы уақытта жұмыс істейді. Сол себепті олар «кеткен шығынды ақтай алмаймыз ба?» деп қауіптенеді. «Бірақ қорқуға негіз жоқ»,-дейді жауаптылар. Өйткені мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін қолдау зор. Тіпті демалыс орнындағы жарық пен су, жол сияқты мәселелерді шешуге көмектеседі.
Андрей Подгурский, облыстық Туризм басқармасының басшысы:
- Инвестордың коммуникацияларды тартуға жұмсайтын шығындарының бір бөлігін мемлекет өтейді. Мұның барлығы жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Бұл оларға үлкен қолдау деп есептеймін.
Туристік саладан түсетін салық көлемі де артты. Мәселен, былтыр ел қазынасына 3 млрд теңгеден астам қаржы құйылды. Бұл аймақтағы туризмнің тұрақты дамуының айқын көрінісі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный