Шетелдік демеушілердің елге бөлген қаражатына тексеріс жүргізу қажет — депутат

АҚШ президенті Дональд Трамп USAID халықаралық дамыту агенттігін «қылмыстық ұйым» деп танығаннан кейін ұйым қаражатының есебі көпке жария етілді. Ресми мәліметке сенсек, қаржы негізінен трансгендерлік қойылымдарға, бір жыныстылардың ұстанымын насихаттауға және есірткі өндірісіне де жұмсалған. Ал Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың сөзінше, аталған ұйымның 2 миллион долларға жуық қаржысы Орталық Азиядағы адам құқығы мен теңдігін арттыруға бағытталған. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Алайда жоба ұйымдастырушысы ретінде Еуропалық бір жыныстылар мен трансгендерлер халықаралық бірлестігі таңдап алынған. Сондықтан депутат Әділет және Ұлттық экономика министрлігінен шетелдік демеушілердің осы уақытқа дейін бөлген қаржысының қандай мақсатта жұмсалғанын тексеруді талап етті.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жерде адам құқықтарын қорғаймыз деген лақап атты жамылып, шын мәнінде біздің жастарымызды және жас ұрпақты жаман жолға түсіруге бағытталған жат идеологияны қаржыландыру туралы сөз болып отыр. Сол себепті қандай қаражаттың, қайда және қандай мақсатта бөлінетінін, оларды кімдер алатынын және біздің елімізде қандай жобалар жүзеге асып жатқанын анықтау керек деп есептеймін.