Қызылорда облысында бірнеше ауыл тұрғыны қалқымалы көпірмен қатынап жүр

Шиелінің екі мыңдай тұрғыны өзеннен қалқымалы көпір арқылы өтеді.

Паром қызметін пайдаланып отырған елді мекендер де бар. Қайыққа мінгесіп, төтесінен тартатындар да аз емес.

Өзекті мәселе қалай шешіледі? Жауапты мамандардың жоспары қандай?

Шиелі ауданында Сырдария өзенінің арғы бетіне 4 елді мекен қоныстанған. Бұл ауылдарда 2 мыңға жуық тұрғын бар. Олар өзеннен 3 қалқымалы көпір және бір паром арқылы өтеді. Сең жүрген кезде қатынас үзіледі.  

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Өзеннің арғы бетіне осы қайықпен өтетін де адамдар бар екен. Дегенмен, бұл өте қауіпті. Өйткені кез-келген уақытта мынадай үлкен мұзға соқтығысуы мүмкін. Алайда басын тәуекелге тіккен жандар шұғыл шаруасы үшін осы қатынас түрін пайдаланады,-дейді тұрғындар.

Кемел Абызбаев, Жөлек ауылының тұрғыны:

-Кеше де өткіздік қой, темір қайықпен мына жерде. Сонымен келген қонақты арғы бетте адам қайтыс болған, соған өткен адамдардың бәрі кеше өтті ғой. 5-6 рейс жасадық. Қауіпті болғанмен, енді адам тұрмайды ғой. Адам қайтыс болған, ағайындардың бәрі өтті ғой осылай қарай.

Ал Қызылқайың ауылының 200-дей тұрғыны паром қызметін пайдаланып отыр. «Мұз еріген  уақытта 100 шақырым қара жолмен облыс орталығы арқылы айналып жүруге мәжбүр боламыз. Сондықтан Қарғалы ауылының тұсынан тиісті талапқа сай автокөлік көпірін салуды тұрғындар ұзақ уақыттан бері айтып келеді », - дейді Ортақшыл ауылдық округінің әкімі.   

Жақсылық Ноғайбаев, Ортақшыл ауылдық округінің әкімі:

- Қарғалының тұрғындары сұрап жатыр. Өйткені халық саны ол жақта көп. Сол жақа Жаңақорғандікіндей көпір салынса деген ұсыныстар түсіп жатыр. Ол көпір болса, бізге енді әрі қарай Қарғалы арқылы баруға мүмкіндік бар. Темірбетон болса халыққа проблема түспейді.

Аудан әкімдігі екі жыл бұрын өзен үстінен салынатын автокөлік көпірінің техника-экономикалық негіздемесін әзірлегенмен, қаражат бөлу мәселесі әлі шешілмепті. 

Ғабит Аманжолов, Шиелі аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күні техникалық экономикалық негіздемені біз облыстық басқармаға өткіздік. Облыстық басқарма арқылы қазіргі таңда жобалық құны 6 миллиард 783 миллион теңге тұратын көпірдің жұмысына жоба істеуге облыстан қазір қаржы іздестіріп жатырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда жоба-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Одан кейін тиісті құрылыс-монтаждау жұмыстары жүретін болады.

Мамандардың айтуынша, көпір салу тек тұрғындар үшін ғана емес, ауданның дамуы үшін маңызды. Өзеннің арғы бетінде елді мекендерден бөлек төрт түлік өргізген шаруашылықтардың да қатары көбейіпті. Геологиялық барлау жұмыстары да жанданған.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев