Ауғанстанда тағы жер сілкінді

Жерасты дүмпуі Герат провинциясында тіркелді.

Бір адам қаза тапқан. Ал бірер күн бұрынғы зілзалада құрбандар саны мыңнан асты. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Әлем елдері Ауғанстанға көмек жөнелтіп жатыр.

Ауған халқы өткен сенбідегі жер сілкінісінен кейін енді есін жия бастағанда бүгін жарты сағат ішінде 2 жерасты дүмпуі тіркелді. Табиғат апатының дәл сол аймақта болуы іздестіру-құтқару операциясын қиындатып отыр.

Ауғанстан көмекке зәру

Алғашқы табиғат апаты өткен сенбіде Герат провинциясында болды. Бұл – елдің батысындағы өңір. Иран және Түрікменстан шекарасына жақын. Ауғанстанның сейсмикалық қауіпті аймаққа жататыныны көбіне мәлім. Өйткені Еуразиялық және Үнді тектоникалық плиталардың түйісетін жерінде орналасқан. Десе де ғалымдар 1900-2016 жылдар аралығында жойқын жер сілкіністері негізінен солтүстік-шығыс аудандарда ғана тіркелгенін айтады. Ал Герат провинцияында мұндай апаттар болмаған. Сол себепті де бұл көбі үшін күтпеген жағдай болды. Бұл ғалымдар үшін де жұмбақ. Бүгін дәл осы Гератта тағы да жер сілкінді. Салдары алдыңғы апатпен салыстырғанда ондай ауыр емес. Салдары демекші, өткен аптаның соңындағы зілзаладан қаза тапқандар көп. Бертінге дейін 2 мыңнан аса адам опат болды деген ақпар тарап келді. Бірақ бүгін жергілікті билік күтпеген жерден басқа статистиканы жария етті. Айтуларынша, кейбір аудандар оқшауланып, ол жерден нақты мәлімет алу жағы қиындаған. Оның үстіне көмек көрсетіп жатқан органдар тарапынан да қате кеткен. Сөйтіп, құрбандар саны екі есе аз боп шықты. Демек 2 мың емес, мыңнан аса адам көз жұмған.

- Құтқарушыларға көмектесіп жатырмын. Биліктен тек жанармай ғана алдым. Басқа ештеңе де керек жоқ. Халқыма көмегім тисе болды. Кеше үйінділер астынан тірі қалған адамдарды алып шықтым. Арасында балалар да, қарттар да бар.

- Біз зілзала болғанда ағамның үйлену тойына жиналып жатқан едік. Осындай қуанышты сәттің қайғымен аяқталатынын кім білген.

- Бәрінен айырылып қалдық. Бізге көмек қажет. Өйткені біраздан кейін күн суытады.

 

Халықаралық ұйымдар қол ұшын созды 

Иә, қария сөзінің жаны бар. Қылышын сүйретіп қыс та келеді. Жапа шеккендер қазір мына видеодағыдай далада түней алады. Бірақ күн суыта ондай мүмкіндік болмайды. Климаттың өзгеруінің салдары болса керек, Ауғанстанда қаңтар айында аяздан жүздеген адам көз жұмған еді. Ендігі мақсат – сол жағдайдың қайталануына жол бермеу. Бірақ елдегі ахуал белгілі. Билікке тәліптер келгеннен кейін сырттан қаржылай көмек қысқарған. Бірақ қазір халықаралық қауымдастық қолдан келгенше жәрдемдесіп-ақ жатыр. Мысалы, Еуроодақ 3,5 миллион еуро бөлді. БҰҰ 5 миллион доллар беретін болды. Әлемнің түрлі елдері гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. 

Мұхаммед, Ауғанстан Қызыл Жарты Ай қозғалысының басшысы:

- Біз 3 уақытша баспана құрамыз. Өзге өңірлерден келген гуманитарлық көмек үйлестіріліп жатыр. Ол үшін жауапты адамдарымыз бар. Тұрғындарға 500 шатыр әкелдік. Мұнда қанша керек десе, сонша боламыз. 

 

Зілзала зардабы экономикаға салмақ салды

Бұл апат экономикасы онсыз да әлсіз Ауғанстан үшін кезекті соққы болары айтпаса да түсінікті. БҰҰ-ның мәліметінше, 43 миллион тұрғынның 34 миллионы, демек халықтың 80%-і кедейшілікте өмір сүреді. Тойып тамақ ішпейтін бала көп. Жығылғана жұдырық демекші, қаржы тапшылығына байланысты жақында Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы елге көрсетілетін көмекті қысқартқан.

Ала Әбу-Зейд, ДДСҰ өкілі:

- Ауғанстанға санкциялар салынғанын білесіздер. Кедейшілік деңгейі жоғары. Зілзалаға дейін Дүниежүзілік банк өкілдерінің жасанған болжамдары онша емес еді. Табиғат апатынан кейін жағдай тіптен ушығып кетті. Өйткені жапа шеккен тұрғындардың медициналық көмек алу жағы қиындап барады. Ауыр жарақат алғандардың үштен екісі – балалар мен әйелдер. Өйткені жер сілкінісі таңертең 11-де болған. Ол кезде ер адамдар жұмыста жүрсе, балалар мен әйелдер үйде болған. Сонда бар ауыртпалық осал топқа артылып отыр.

Ендігі бар үміт халықаралық көмекте. Ал елде іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр. БҰҰ-ның мәліметінше, із-түзсіз жоғалған 500 адам әлі табылған жоқ. Күн сайын олардың тірі қалу мүмкіндігі азайып бара жатыр. Дегенмен мамандар үміт үзбейді.