Қайырымды әлем тұрғындары
Қайырымдылықты әлемдік ғылымда «филантропия» деп атайды.
Әлем бойынша бұл АҚШ-та жақсы дамыған. Жыл сайын бұл елдің миллиардерлері қайырымдылық қорына миллиардаған қаражат бөледі.
Мәселен, атақты Майкрасофт компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс пен Facebook-ті басқаратын Марк Цукерберг өздеріне тиесілі акциялардың 99 пайызын қайырымдылыққа жұмсайтынын айтады. Бүгінгінің жомарт жандары кімдер?
Филантроптың бай адамдардан мағынасы сәл өзгеше. Яғни, бұл, грек тілінінен аударсақ, адам және жақсы көру дегенді білдіреді. Яғни, қаржылай әрі рухани тұрғыда көмек беретін адамдар. Әдетте мұндай адамдар өте қарапайым келеді.
«Қайырымды ісі үшін» Дүниежүзілік Нобель сыйлығын алған әйгілі Тереза ананың ізін жалғаушы бүгінгінің жомарт жандары кімдер?
Атақты Билл Гейтс құрған қайырымдылық қор былтыр АҚШ-тағы қара нәсілді 20 мыңнан астам студентті тегін білім алу грантымен қамтамасыз еткен. 1994 жылдан бері қор Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы, Ротари қоры, Бүкіләлемдік СПИД-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес қоры, сондай-ақ ЮНИСЕФ секілді түрлі ұйымдарға 71 миллиард АҚШ доллар қаржылай көмек берген. Сондай-ақ, қор жұмысы, ауыл шаруашылығын дамытуға, кітапханаларға, қаладағы кедейшілік проблемаларын шешуге, әлемдік денсаулық сақтау мен білім беру істеріне айрықша көңіл аударады. Қазір қордағы бюджет 8,3 миллиард АҚШ долларына тең.
Цитата:
«Әлемде көмекке мұқтаж жан қаншама. Олар туралы қандай да бір ақпаратты ғаламтордан көзім шалса, сол елге барып, сол халықтың тұрмысымен өз көзіммен танысуға әркез тырысамын. Сонда ғана, өзгеге қол ұшын берудің мәнін, мағынасын терең түсінуге болады деп ойлаймын».
Билл Гейтс
Үйі жоқ миллионер
«Қиналғанға демеу болмасам, өзімді бақытсыз сезінем» дейді, әлемде миллионер филантроп ретінде танылған - Чарльз Фини. Былтыр күзде дүниеден озған америкалық кәсіпкердің жеке шотында миллиардаған қаражаты бола тұра, ол жалдамалы пәтерде тұрған. Метромен жүрген. Көлігі де, тұрақты баспанасы болмаған.
Қарапайым киініп, арзан дәмханада тамақтанған. Қазір оның 27 елде компаниясы бар. Африка, Австралия, Америка және Ирландияда қарттар үйін, мектеп пен аурухана ашқан. Қазірде 13 мыңнан астам студент білім алатын Лимерика университетінде, нейробиологияны зерттейтін ғылыми орталықтар ашқан тұлға барша адамзатқа мынадай өсиет қалдырды.
Цитата:
«Ақшаңыз көп болса, үлкен мәселені шешуге атсалысыңыз. Бір мәселенің шешімі миллиондаған адамның өмірін жеңілдетеді».
Чарльз Фрэнсис Фини, америкалық беделді кәсіпкер
Бұл екі азаматтың шыққан жері АҚШ болғанымен, әлемдегі ең қайырымды ел Индонезия екен. Британиялық Charities Aid Foundation қоры келтірген статистикаға сүйенсек, Индонезиядағы халықтың 84 пайызы игі іс жасауға ұмтылады. 63 пайызы ерікті. Бұл ел, Таяу Шығыста қақтығыс басталған сәтте Газаға құны 2 миллиард АҚШ долларына тең, 51,1 тонна гуманитарлық жүк жөнелткен елдердің алғашқысы.
Миллиондаған адам көмекке мұқтаж
Таяу Шығыс демекші, қазір Газа секторында 2 миллиондай адам бір тілім нанға мұқтаж. Бұл әлем елдерінің назарынан тыс қалған емес. Көмек жермен де, көкпен де, тіпті теңіз арқылы жеткізіліп жатыр. Бірі жетсе, бірі шекарадан асар емес. Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Франция, Германия тағы басқа өзге де де мемлекеттерден жөнелтілген жүк пен қыржылай бөлінген көмекте сан жоқ. Мәселен, Еурокомиссия былтыр бүкіл аймақтағы Палестина халқын қолдауға 82 млн еуро бөлсе, қосымша тағы 68 млн еуро бөлмек. Бұл халықаралық серіктестер, соның ішінде Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай ұйымы арқылы жүзеге асырылады.
Цитата:
«Біз Газадағы бейбіт тұрғындарды қолдаймыз және бейкүнә сәбилердің жағдайына алаңдаймыз. Қақтығыс кесірінен, оларға азық-түлік жетпейді. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілмейді. Сондықтан, оларды қолдау мақсатымен біз тағы да биыл 68 млн еуро бөлуді жөн көрдік».
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия президенті
Қанша көмек жеткізілгенімен, бұл барлық шығынның орнын,, қақтығыс біржола бітпейінше толтыра алмайды. Ал Таяу Шығыста бейбіт күннің орнауы әзірге беймәлім.
Біздің елде де Газа секторындағы зардап шеккендерді қолдау үшін, мемлекет тарапынан 1 млн доллардай қаржылай да, заттай да көмек көрсетілді. Бұл Таяу Шығыс болсын, Түркиядағы зілзала болсын өзге де қиын қыстау кезінде біздің елдің көмектесуге әркез дайын екенін білдіреді.