Германияның агросекторындағы ахуал. LIVE

Ауыл шаруашылығындағы қордаланған мәселелер Еуропа елдерін де алаңдатып отыр.

2023 жылдың соңында басталып, биылғы қаңтарда шарықтау шыңына жеткен фермерлер наразылығы Германия үкіметін тығырыққа тіреген еді. Одан бері айтарлықтай уақыт өтіп, Бундестаг тиімді шешімдер қабылдауға тырысты.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Әлемдік рейтингтерде Германия агросектор өнімдерін экспорттаудан төртінші орында тұр. Еуроодақтың ішінде сүт өндіруден бірінші. Бірақ дәл мына мен тұрған Бранденбург қақпасының алды осыдан 5-6 ай бұрын тракторлар мен жүк көліктеріне толып, күрежолдар жабылып, зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтап қалған еді. Басты себеп – шаруаларға берілген дизельді отын субсидияларының алынып тасталуы. Фермерлер осы бір қолжетімді жанармай болмаса, қымбатшылық одан бетер қысып, кәсібіміз құрдымға кетеді деп уайымдады. Ал жергілікті үкімет мұндай қадамға бюджетті үнемдеу мен жанармайдың қоршаған ортаға зиянын азайту үшін бармақ болды. Алайда наразылық үдеп, субсидиядан бірден бас тарту бойынша шешім өзгерді.

Наразылыққа дейін мал мен орман шаруашылығындағы салықтық жеңілдіктерді түгел алып тастау керектігі сөз болса, кейін Бундестаг бұл ойынан қайтты және дизельді отын субсидияларын бірден алып тастаудың орнына кезең-кезеңмен, яғни биыл 40% азайтып, 2025 және 2026 жылдары 30% төмендету туралы қаулы бекітілді.  

Сондай-ақ вице-канцлер Роберт Хабек азық-түлік супермаркеттерінің фермерлерден тұрақты түрде төмен баға талап етуіне қабақ шытты. Себебі шаруалар өнімдерін сауда орындарына өткізу үшін олардың ережесіне бағынуға мәжбүр. Яғни, супермаркеттер тұтынушы тарту мақсатында сөрелеріне барынша төмен баға ұсынып, фермерлер табыс көзінен қағып отыр. Кірісі көбейе қоймаған шаруа аталған жеңілдіктер мен субсидияларға қол жаюға мәжбүр. Қазір Германия үкіметі фермерлер қауымдастығымен диалог орнатып, мәселенің ұтымды шешімдерін іздестіруге кіріскен.

Бұл – тек Алманияның емес, барша Еуроодақты мазалап отырған мәселе. Не бел кетеді, не белбеу кетедінің кебін кимес үшін қоршаған ортаға да зиянын тигізбейтін, фермерлерге де жүк салмайтын, бағаға да қатты әсер етпейтін саяси-экономикалық бағдар ұстану керек болып тұр.