Түркияда дәрігерлерге қойылатын талап өте жоғары

Жыл сайын қазанның бірінші дүйсенбісінде көптеген елдерде Халықаралық дәрігер күні атап өтіледі. 

Бұл күн дүниежүзі дәрігерлерінің ынтымақтастығын дәріптеген дата іспеттес. Дегенмен ақ халаттыларға қойылатын талап та жоғары. Мәселен, Түркияда соның арқасында отандық медицина қарқынды дамыды.

Меруерт Қанағат,  тілші:

- Түркияда ауруханалар мен клиникалардың көбі халықаралық талаптарға сай аккредитацияланған. Бұл ел әсіресе  трансплантология, косметикалық хирургия, ортопедия, онкология және көз хирургиясы сияқты салаларда үлкен жетістіктерге жеткен. Дегенмен, бұл соңғы 10 жылдықтағы жетістігі десек артық айтқанымыз емес.  

2000 жылдардың басына дейін денсаулық сақтау саласы Түркияда  көңіл көншітпейтін. Тіпті медициналық туризмде үлкен көрсеткішке ие Түркияда 2003 жылы «Денсаулық сақтау саласын түрлендіру» бағдарламасы іске қосылған. Осы реформа аясында медицина саласы, халыққа сапалы қызмет көрсету түбегейлі өзгерді. Бірінші кезеңде, ауруханалар инфрақұрылымы  жаңартылды.  Жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Бұл өз кезегінде отандық медициналық өнімдердің дамуына алып келді. Кейінгі он жылдықта жаңа кешендердің қүрылысы басталды. Жалпы, Түрік медицинасына үлес қосып жүрген отандастарымыз да аз емес. Солардың бірі Әлім Жан Баймұрат. Осы салада 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп жүрген отандасымыз Гази университетіндегі ортопедия- травматология  кафедрасында  оқытушы.

Омыртқа науқастары, туа біткен сүйек аурулары, сүйек деформациялары секілді күрделі оталарды жасайтын маман. Дәрігермен алдын ала  сұхбаттасқан едік, назар аударайық.

Әлімжан Баймұрат, Гази университетінің дәрігері, ортопед:

-  Медицина саласын дамыту үшін бірінші білім беру жүйесін дамыту керек. Әрине, Қазақстанда білім беру жүйесі жаман деп айта алмаймын. Жақсы, бірақ дамыту керек. Қалай дамыта алады. Менің ойымша, шетелдегі мамандармен бірге жұмыс істеп, халықаралық деңгейде болу үшін шетелдік мамандармен тығыз байланыста болу керек. Мамандарды жетілдіру де өте маңызды. Соңғы кезде мамандарды жетілдіру саласы дамып жатыр. Бірақ, мұны одан әрі арттыру керек. Бәрі әрине экономикаға, экономикалық қолдауға байланысты. Бастысы, талап күшті болуы тиіс.

Меруерт Қанағат,  тілші:

-        Жалпы Түркияда медицина мамандығына жүзден жүйріктер түседі. Оған түсу де оны оқу да оңай емес. Мамандық алған жас маман- дәрігер ауруханаларда 5 жыл іс- тәжірбиеден өтіп, медициналық кәсібилігін дәлелдеуі тиіс. Яғни, мемлекеттік емтиханнан өту балын жинауы керек. Олардың мәртебесі  де, жалақысы да бөлек. Әрине, соңғы жылдардағы инфляцияға байланысты төмендеді.

Дегенмен жылына екі рет дәрігерлердің жалақысы көтеріліп тұрады.