Оңтүстік Кореядағы саяси партиялар президенттің биліктен кетуін талап етті. LIVE

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль өткен түнде енгізген әскери жағдайды тоқтатты, деп хабарлайды 24kz.

Бұл шешімді ел басшысы Оңтүстік Корея Парламентінің – Ұлттық ассамблеяның 300 депутатының 190-ы әскери жағдайды жоюға дауыс бергеннен кейін қабылдады.

Елдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар Юн Сок Ёльді сынға алып, оның отставкаға кетуін талап етуде.

Владислав Цой, тілші:

- Бұл түн көптеген оңтүстіккореялықтар үшін ұйқысыз өтті. Бұған ел президенті Юн Сок Ёль себеп болды. Ол кеше шамамен кешкі сағат 10:25-те әскери жағдай енгізді. Оның айтуынша, антиконституциялық күштер, яғни, оппозициялық партиялардың басым көпшілігінен тұратын Парламент мемлекеттің негізгі функцияларын тоқтатып, либералдық демократияның конституциялық тәртібін бұзуға тырысқан. Юн оның ұлықтау рәсімінен кейін Ұлттық ассамблеяның 22 үкімет қызметкеріне импичмент жариялау ұсынысын жасағанына наразылық білдірді. Сондай-ақ оның айтуынша, депутаттар есірткіге қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты мемлекеттің негізгі функцияларына бөлінген бюджетті қысқартқан. Алайда, түнгі сағат бірлер шамасында Парламент ғимараты әскер мен полиция қоршауында болғанына қарамастан, Ұлттық ассамблея депутаттары ғимаратқа кіріп, әскери жағдайды жоюға дауыс берді. Бүгін таңғы 04:30-да ел басшысы шақырған Үкімет отырысында әскери жағдайды жою туралы шешім қабылданды. Дегенмен, Юн Сок Ёль депутаттардың әрекетін тағы да сынға алды.

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының президенті:

- Ұлттық ассамблеяны мемлекет жұмысына қайта-қайта кедергі жасап, импичменттер, заңнамалық және бюджеттік манипуляциялар арқылы елдің қызметін бөгейтін әрекеттерін дереу тоқтатуға шақырамын.

Владислав Цой, тілші:

- Елде мұндай әскери жағдай 45 жылда алғаш рет енгізілген. Соңғы рет ол 1979 жылы Президент Пак Чон Хидің қайтыс болғаннан кейін әскери билік орнаған кезде жарияланған. Сондықтан Юн Сок Ёльдің шешімін барлық дерлік саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар сынға алды. Тіпті билеуші партия президенттің әрекеті үшін кешірім сұрады. Парламент маңына жиналған адамдар депутаттардың әскери жағдайды жою туралы шешіміне қол шапалақтап қошемет көрсетті. Олар: «Президент доғарысқа кетсін», деп ұрандатты. Бүгін билеуші партияның жоғарғы кеңесінің жабық отырысында Юн Сок Ёльді партия құрамынан шығару, бүкіл министрлер кабинетінің отставкасы және Ұлттық қорғаныс министрі Ким Ён Хёнды қызметтен босату туралы шешім қабылданғаны туралы ақпарат пайда болды. Оппозициялық Демократиялық партияның Парламенттегі жиналысында депутаттар президенттің дереу отставкаға кетуін талап етті. Олар өткен түнде енгізілген әскери жағдайды Конституцияны өрескел бұзу деп атап, егер президент Юн бұл талапқа бағынбаса, импичмент процесін бастайтынын мәлімдеді. Корея кәсіподақтар конфедерациясы президент Юн Сок Ёльдің дереу доғарысқа кетуін талап етіп, мерзімсіз жалпыұлттық ереуіл жариялады. Наразылық білдірушілер президентті «билікті сақтап қалу үшін өкілеттігін асыра пайдаланды» деп айыптады. Олар бұл жағдайды: «Президенттің өз қолымен жасаған саяси дағдарысы», деді.

Чо Сын Рэ, Оппозициялық демократиялық партияның депутаты:

- Бұл – президенттің Конституция мен заңды өрескел бұзғаны айқын көрінетін жағдай. Президент ауыр қылмыс жасап, бүлік ұйымдастырды.

Хан Дон Гун, Сеул қаласының тұрғыны:

- Мұндай оқиғалар қайталанбауы керек. Біз диктатура дәуіріне қайта оралғандай сезімде болдық. Менің ойымша, президент Юн біржақты әрекет етпеуі керек.