Түркия 2050 жылға дейін 12 атом реакторын салады

Түркия энергетикалық даму жоспарын жариялады. Бауырлас ел 2050 жылға дейін 12 атом реакторын салғалы отыр, деп хабарлайды 24kz.

Елдің Энергетика министрі Алпарслан Байрактардың айтуынша, олардың жалпы қуаты 20 ГВт.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияның тұңғыш «Аккую» АЭС-інің бірінші реакторы биыл іске қосылады, ал қалған төртеуі 2028 жылы жұмысын бастайды. Бұл туралы елдің Энергетика министрі Алпарслан Байрактар мәлімдеді. Оның айтуынша, Атом электр станциялары елдің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен 10%-ін өтеп, газ импортын 7,2 млрд текше метрге азайтады.

Алпарслан Байрактар, Түркия Энергетика және табиғи ресурстар министрі:

- Түркияның 70 жылдық ядролық арманын жүзеге асырып жатырмыз. Түркия 1950 жылдардан бастап атом энергиясын дамытуға тырысты. Бүгінгі таңда Мерсиндегі «Аккую» атом электр станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Онда төрт реактордың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл әлемдегі ең үлкен атом электр станциясы болуы тиіс. Синопта да дәл осындай нысанды салу жоспарланып отыр. Еліміз  үздіксіз энергияға ие болып, табиғи газға сыртқы тәуелділігін азайту үшін міндетті түрде атом энергиясын дамыта беруі керек.

Негізгі жобалар қатарында Мерсиндегі «Аккую» атом электр станциясы, Синоп және Фракия аймақтарында жоспарланып отырған атом станциялары бар. Түркия сондай-ақ шағын модульдік реакторларды (SMR) енгізуді қарастырып отыр. Бұл энергетика саласында өте тиімді саналады.

Оғузхан Ақйенер, Түркияның Энергетикалық стратегиялар мен саясаттарды зерттеу орталығы төрағасы:

- Түркияда үш атом электр станциясы жобасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл стациялардың механизмі бір-біріне ұқсас. Оның әрбір реакторының қуаты 1,2 ГВт болады. Сонда бір станцияда 4,8 ГВт энергия өндіріледі. Олардың орындарын анықтау жұмыстары 1970 жылдарда басталды. Бұл істе өңірдің сейсмикалық жағдайы, қауіпсіздік, қатерлерге қарсы механизмдер, суыту жүйелері, тасымалды ұтымды ұйымдастыру секілді талаптарға ерекше көңіл бөлінді.

Түркия тек ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, көрші елдермен энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуды, оның ішінде Сирияға энергия экспортын арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, алдағы 30 жыл ішінде көмірқышқыл газының шығарындыларын нөлге дейін төмендетуге ниетті.

Авторы: Меруерт Қанағат