Ұлыбританияда маман тапшылығынан 1,5 млн үйдің құрылысы тежелуі мүмкін
Құрылыс – Ұлыбритания экономикасы үшін маңызды саланың бірі. Ол жалпы ішкі өнімінің 6%-ін құрайды. Мемлекет Еуроодақтан шыққалы сектор көп қиындыққа тап болған, деп хабарлайды 24kz.
Себебі, құрылысшылар жетіспейді. Германия мен АҚШ-та осыған ұқсас жағдай.
Ұлыбританияда құрылысшы тапшы. Салдарынан бір 1,5 млн үйдің құрылысы тежелуі мүмкін. Билік бұл нысандарды алдағы 5 жыл ішінде салып бітіруге ниетті. Бірақ сарапшылар: «Жоспардың іске асуы екіталай», - дейді. Құрылысшылардың жетіспеуінен кейінгі 10 жылда баспанасыз жүргендер саны екі есе артқан. Бұған қоса, Еуроодақ құрамынан шыққалы Ұлыбританияда кадр тапшылығы ушыға түскен. Өйткені Одақтағы өзге мемлекеттерден келетін жұмысшылардың елге кіруі қиындаған. Оның үстіне мұнда Кәрі құрлықтың басқа елдерінде сияқты халықтың қартаю мәселесі тағы бар. Содан алдағы 10-15 жылда құрылысшылардың 25%-і, яғни, жарты миллион адам зейнетке шығуы мүмкін.
Германияда 400 мың құрылысшы мен инженер жетіспейді
Германияда да құрылысшылар тапшы. Содан тұрғын үй мен басқа да нысандарды салу қарқыны төмендеген. Салдарынан билік үйге кезекте тұрғандардың сұранысын қанағаттандырып үлгермей жатыр. Бүгінде неміс елінде 800 мың баспана қажет. Мұндай тапшылық кейінгі 20 жылда болмаған. Мұнда да халықтың қартаюы мәселесі бар. Сондықтан билік сырттан келген жұмысшылардың, әсіресе, Шығыс Еуропадан келген еңбек мигранттарының көмегіне жүгінеді. Бірақ соның өзінде мәселе шешілмей отыр. Былтыр неміс елінде 400 мың құрылысшы, инженер және медицина қызметкері жетпеген.
АҚШ-та жарты миллион құрылысшы тапшы
АҚШ-та да құрылысшы жетпей жатыр. Мұнда құрылыс саласына 500 мың маман қажет. Бұдан бөлек, Америкада зауыттағы операторлар мен жабдық жөндейтін адамдар да тапшы. Себебі бұл жұмысшылардың жалақысы төмен. Ал көбі еңбекақысы жоғары мамандықты таңдайды. Осыған дейін мәселе көбіне мигранттар есебінен шешіліп келген. «Енді Дональд Трамп көші-қон заңнамасын қатаңдатқаннан кейін аталған салаларда маман тапшылығы одан бетер артуы мүмкін», - дейді сарапшылар.
Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова