Software AG: қызметкерлердің 75%-ы жұмыста ЖИ қолданады

Әлем бойынша кеңсе қызметкерлерінің жартысынан астамы жұмыста жасанды интеллект көмегіне жүгінеді, деп хабарлайды 24KZ. Сондай-ақ бұл көрсеткіш жылдан-жылға арта бермек. Арнайы зерттеу жүргізген Software AG компаниясының өкілдері осылай дейді. Бірақ әлеуеті зор технологиядан төнген қауіп те аз болмай тұр. Атап айтқанда, деректерді теріс мақсатта қолдану, жеке мәліметтердің құпиялығын бұзу секілді қатерлер бар.

Бүгінде еңбек нарығында қызметкерлердің 75%-і жұмысында жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Көп ұзамай бұл көрсеткіш 90%-ке жетуі мүмкін. Әсіресе компьютер алдында көп уақыт өткізетін мамандар арасында. Software AG өкілдері жүргізген зерттеу нәтижесі осындай.

Питер, Google-дың Gemini AI чат-ботын дамыту жөніндегі менеджері:

- Жасанды интеллектінің негізгі басымдығы, адам сияқты ойланып, шешім қабылдауға тырысады. Мәселен, чат-боттан сан түрлі тұтынушының көзқарасын ескере отырып, жауап жазуды сұрасаңыз, ол сізге жай ғана жауап беріп қоймай, серіктес болуға тырысады. Жоба жетекшісі ретінде өнімді дамыту стратегиясын ашық талқылай алмауыңыз мүмкін. Ал осы құралдар бұл мәселеде шексіз мүмкіндік береді. Еңбек өнімділігі компанияға 30% қызметкерді ақысыз жұмысқа алғанмен бірдей болады.

Жасанды интеллектінің әлеуеті зор болғанымен, қауіптері де жоқ емес. Чат-боттарды бұрыс қолдану компания деректерінің тарап кетуіне әкелуі мүмкін.

Аластер Патерсон, Harmonic Security компаниясының бас директоры:

- Жасанды интеллект қосымшаларының шамамен 30%-ы қолданушылар енгізген ақпаратты өзін жетілдіру мақсатында пайдаланады. Демек бұл деректер қосымшаның құралына айналып, болашақта басқа біреуге берілуі мүмкін. Әрине, компаниялар өз ақпаратының жат серверлерде сақталатынына алаңдайтыны сөзсіз. Себебі бақылау мүмкіндігі болмайды.

Сарапшылардың сөзінше, қызметкерлердің жұмыс барысында жасанды интеллектіні қалай қолданатынын бақылау қиынға соғады. Ал бұл мәліметтер құпиялылығының бұзылуына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан Software AG зерттеушілері кәсіпорындарға жеке нейрожеліні енгізуге және чат-боттарды қолдану ережелерін бекітуге кеңес береді.