Суданда 25 миллион адам ашқұрсақ отыр

Әлемде 345 млн адам аштықтың зардабын тартып отыр. БҰҰ келтірген мәлімет осындай. Азық-түлік дағдарысының ушығуына климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығы алқаптарының бүлінуі, табиғат апаттары мен қарулы қақтығыстар әсер етіп отыр. Ал әлем елдері бұл мәселелерді шешу үшін қандай шараларды қолға алып жатыр?

Суданда 25 млн адам аш отыр

Суданда 2 жылдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыстың салдарынан 11 млн-нан астам адам бас амандығын ойлап, баспанасын тастап кеткен. 25 млн-дай кісі бір жұтым су мен бір тілім нанға зәру. Өткен жылдың маусым айынан бері олардың саны тағы 3,5 млн-ға өсті. Бұған себеп аймақта ушығып тұрған азық-түлік дағдарысы. Қақтығыс салдарынан ауыл шаруашылығы өндірісі тоқтап қалған. 

Бет Бекдол, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы бас директорының орынбасары:

- Судан халқының негізгі күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығы. Тары, бидай сияқты агроөнімге сұраныс жоғары. Бірақ қақтығыс басталғалы 2023 жылдан бері өндірілген өнім көлемі бар болғаны 4,1 миллион тоннаға әзер жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 46 % аз.

 

Шектеулер Кубада азық-түлік дағдарысын тудырды

Куба жұрты жылдар бойы АҚШ тарапынан салынған экономикалық және сауда санкцияларының зардабын әлі тартып келеді. Шектеу аймақтағы ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіріп, азық-түлік дағдарысын туғызды. Соның салдарынан тұрғындар ас-сусыз күнелтуге мәжбүр. Шаруалар болса өнім өндіруде түрлі қиындықтарға тап болған. Бұл аздай, климаттық өзгеріс те өндіріс көлемін шектеді. Амалы құрыған фермерлер өнім жинау үшін техника емес, ірі қараның көмегін қолдануға мәжбүр.

Хосе Соса, шаруа:

- Біз өнім жинау жұмыстарына техниканың орнына өгіздерді пайдаланып жүрміз. Өйткені қажет құралдың бәрі қолжетімсіз. Нәпақамызды ауыл шаруашылығынан айырып отырғаннан кейін осылай амалдауға тура келеді. Олай етпесек, аш қаламыз.

 

Қытайда климатқа төзімді картоп сұрыбын шығару қолға алынды 

Ал Қытайда жаһандық жылыну ауыл шаруашылық секторына кәдімгідей кедергі келтірді. Әсіресе картоп былтыр өнім берген жоқ. Дағдарыстың алдын алу үшін жергілікті ғалымдар көкөністің климатқа төзімді сұрыбын өсіруді қолға алды. Олар өнімді ішкі Моңғолия алқаптары мен биік таулы провинцияларда қалыпты температурадан 3 градус жоғары алқапта өсірген.

Хэбэй Цзюэнь Ван Шии, ауыл шаруашылығын дамыту компаниясының бас директоры:

- Биыл толассыз жаңбыр картоп өнімділігіне айтарлықтай залал келтірді. Бұл оның түйнектерінің шіруіне әкелді. Сондай-ақ жауын-шашын егін жинау процесін едәуір кешеуілдетті. Бар жоғы 60-75% ғана өнім жинадық.

Жыл сайын азық-түлік дағдарысынан зардап шеккен елдер қатары артып келеді. БҰҰ мәліметіне сәйкес мәселені шешу үшін 17 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет. Бұл ашқұрсақ 120 млн адамды ғана тойдыруға жетеді.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.