Әлемді мойындатқан ғалым әйелдер

Әлемді мойындатқан ғалым әйелдер

ЮНЕСКО мәліметі бойынша Дүниежүзінде ғалымдардың үштен бірі – әйелдер. Ал Нобель сыйлығы тарихында 65 қыз-келіншек ғылым саласының лауреаты атанған. Олардың ашқан жаңалықтары адамзат баласының дамуына зор ықпал етті. Әйелдер қауымы ілкімді ісімен әлі күнге дейін әлемді мойындатып келеді.

Поляк химигі әрі физигі Мария Склодовска-Кюри – Нобель сыйлығын алған алғашқы әйел. Ол жаратылыстану ғылымының екі саласы бойынша осы сыйлықпен екі рет марапатталған жалғыз адам. Мария жұбайы Пьер Кюримен бірге полоний, радий сынды элементтерді ашып, ғылымға «радиоактивтілік» терминін енгізді.

Ширли Энн Джексон – көрнекті америкалық физик. Оның 1970 жылдары жасаған зерттеу жұмыстары телекоммуникация саласына үлкен серпіліс әкелді. Ширлидің арқасында әлемде абонент нөмірін анықтау жүйесі мен телефонға екінші қоңыраудың келіп түскені туралы хабарлама функциясы пайда болды. Ғалымның осы жаңалығы кейін портативті факс-модемдердің, оптикалық талшықтар мен күн батареяларын жасауға негіз болды.

Ал америкалық өнертапқыш Джозефина Кокрейннің арқасында миллиондаған қыз-келіншек қолмен ыдыс жумайтын болды. Оның өнертабысы бүгінде әрбір ас үйдің ажырамас бөлігі саналады. Джозефина 1886 жылы әлемдегі алғашқы ыдыс жуу құрылғысын құрастырып шықты. Сол жылы әлгі машинаны патенттеп, жеке зауытын ашты.

Стефани Кволек әлемге кевларды ойлап табуымен әйгілі. Ол оқ өтпейтін кеудеше мен қорғаныс жабдықтарын жасауда пайдаланылатын жеңіл талшық. Стефани бұл жаңалығын 1965 жылы ашты. Материал болаттан бес есе мықты.  Бүгінде оны миллиондаған адам пайдаланады. Қорғаныс саласынан бөлек, кевлар үйге арналған қолғаптар мен мобильді телефондардан бастап, авиация өнеркәсібі мен аспалы көпірлердің құрылымында кеңінен қолданылады. Жалпы Стефани Кволектің өнертабысы XX ғасырдың ең маңызды ғылыми жетістіктерінің бірі саналады.