Әлемде балалар арасындағы гаджетке тәуелділік артып келеді
Онлайн ойындар кейінгі 15 жыл ішінде әлемде қыруар қаржы түсіретін үлкен индустрияға айналды, деп хабарлайды 24kz.
Пайдасын көріп отырған компаниялар көп. Ал, зиянын қоғам, әсіресе, жас ұрпақ тартып отырған жоқ па?! Сарапшылар не дейді?
Minecraft, Roblox. Бұл атаулар көп ата-анаға жақсы таныс. Minecraft әлем бойынша ең көп сатылатын ойын. 2021 жылы 238 миллионнан астам көшірмесі сатылған. Ай сайын 172 миллион адам ойнайды. Балалар түгіл ересектер де әуес. Ал, Roblox-ты айына 164 миллионнан астам адам ермек қылады. 2021 жылғы көрсеткіш бойынша 226 миллионнан астам жан осы ойынды ойнау үшін желіде 107 миллиард сағаттан астам уақытын жұмсаған. Қазір де бұл ойындар ата-аналардың назарын аударып отыр. Оған балалардың ойын барысында өз-өздерімен сөйлесіп не түсініксіз әрекеттер жасауы себеп. Мұны ескерген Roblox компаниясы келесі айдан бастап 13 жасқа дейінгі балаларға жаңа шектеудер енгізбек. Енді олар өз бетінше ата-анасының бақылауынсыз ойынға тіркеле алмайды.
Мэтт Кауфман, Roblox компаниясының қауіпсіздік бойынша директоры:
- Платформаны күніне 88 миллион адам пайдаланады. Иә, танымалдығы артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен, жағымсыз жайттар да аз емес. Компания тарапына айтылған сын-ескертпелерді ескере отырып, қауіпсіздік шараларды күшейтеміз. Кішкентай қолданушылармызды бақылауда ұстайтын боламыз.
Қытай балалары 1 сағат қана ойын ойнайды
Қытайда баланың онлайн ойындарға жұмсайтын уақытын ата-ана емес, Үкімет жіті бақылауда ұстайды. Елде заң қатал. Кәмелетке толмағандарға тек 1 сағат ойнауға рұқсат. Әрі кез келген уақытта емес, бекітілген күндер бар. Мәселен, 2019 жылы 18 жасқа толмағандар үшін ойын уақытын жұмыс күндері күніне 90 минутқа және демалыс күндері үш сағатқа дейін шектейтін заң енгізілді. 2021 жылғы түзету ойын уақытын жұма, сенбі, жексенбі және мереке күндері тек 1 сағат қылды. Ал, 2 жыл бұрын билік шараларды қатаңдатып, шектеулер тек ойындарға емес, әлеуметтік желілерге де салынды. Сондай-ақ Қытай аумағында ойнауға рұқсат етілген ойындарда ойыншылардан жасы мен шын аты-жөнін растау үшін жеке куәлігін беру талап етіледі. Бұдан шығар нәтиже бар. Интернетке тәуелділік азайған. Ресми дерек бойынша 2022 жылы кәмелетке толмағандардың 75%-тен астамы аптасына үш сағаттан аз уақытын онлайн ойындарға арнаған.
Бен Эглистон, Сидней университенінің цифрлық мәдениет бойынша оқытушысы (Австралия):
- Қытай – ең ірі онлай ойын индустриясының отаны. Tencent сияқты технологиялық алпауыттар жаһандық ойын ландшафтын қалыптастырды. Осыған қарамастан елде ойындарға қатысты шектеу көп. Олар интернетке тәуелділікті «рухани апиын» деп атайды.
Қытай билігі бекіткен қатаң ережелерге қарамастан, ойынға құмарын баса алмайтындар туыстары мен достарының атынан ұрланып кіреді. Оларды құрығына түсіргісі келетін алаяқтар да аз емес. Жас ерекшелігіне қатысты шектеу осындай да білінеді. Сөйтіп, бұл коммерциялық платформаларда ойын шоттарының қара нарығына әкеледі. Алаяқтар жеткіншектерге шектеулерді айналып өту үшін шоттарды жалға алуға немесе сатып алуға жағдай жасап қойған. Дәл осы себеппен 3 мыңға жуық жасөспірім 86 мың юань, теңгемен 5 миллионға алданып қалған.
Смартфон баланың ақыл-ойын тежейді
Ойын негізінен баланың есте сақтау қабілетін жақсартуға, логикалық ойлауын дамытуға көмектеседі. Десе де, компьютер алдында шамадын тыс ұзақ отыру, смартфонға сағаттап телміру ақыл-естің дамуын тежейді. Бұл түйткілдің түйінін шешу үшін бірқатар ел смартфон пайдалануға шектеу де қойды. ЮНЕСКО-ның дерегі бойынша әлем елдерінің 13%-і шектеуді заңмен бекітсе, 14%-і білім беру ұйымында ұялы телефонды пайдаланбау саясатын ұстанады. Әсіресе, Еуропада қатаң шаралар қабылданған. Ал былтыр Австралия билігі 16 жасқа толмаған жеткіншектерге әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салды. Бұл Instagram, TikTok, Snapchat, Facebook және Х платформасына қатысты. Бұл бастама жеткіншектерді әлеуметтік желідегі азғын әрекеттерден сақтайды.
Энтони Альбанезе, Австралия премьер-министрі:
- Біз бастаманы жүзеге асыру арқылы нәтижеге қол жеткіземіз деп айта алмаймын. Өйткені елде кәмелет жасына толмаған балаларға ішімдік сатуға тыйым салынғанымен, бұл жеткіншектер үшін әлі де қолжетімді. Дегенмен, жаңа құжаттың жекіншектерді дұрыс тәрбиелеуге оң әсер ететініне сенімдіміз.
Гаджетке тәуелділік, ондағы ойын әлеміне құмарлық – қазіргі замандағы бей-жай қарауға болмайтын жаһандық мәселе. Жас ұрпақтың шынайы өмірді виртуалды әлемге алмастырып алмасы үшін қатаң қадағалау маңызды.