Кипрде оқушылар майдан биоотын алуға атсалысады

Пайдаланылған өсімдік майын кәрізге төкпей, оны қайтадан кәдеге жаратуға болады.

Қалай дейсіз бе? Кипр ғалымдары мұның тиімді әдісін ойлап тапты. Бірақ қайтадан май емес, биоотын өңдеп шығарады. Оны жүзеге асыруға мектеп оқушылары да тартылған.

Бір рет қолданылған өсімдік майы екінші рет пайдалануға тиімсіз әрі зиян. Ал оны кәрізге төгіп, қоқысқа тастау қоршаған ортаның, жерасты суларының ластануына әкеледі. Осыны ескерген Кипр ғалымдары оны кәдеге жаратудың жолын іздеп, тапты. Пайдаланылған майды қалдықтардан тазартып, сүзгіден өткізіп, одан биоотын өңдеп шығарды. Жоба авторлары қазір бастаманы жергілікті білім беру ұйымдарына таныстырып, оның тиімділігін оқушыларға насихаттап жүр.

Ксения Лоизиду, жобаның негізін қалаушы:

- Бастама аясында біз балаларға әдетте қоқыс деп тасталатын қалдықтың өзінен кәдеге жарайтын өнім жасауға болатынын түсіндіреміз. Олар улы ластаушы затты отынға айналдыру процесімен танысады. Жасыл инфрақұрылым жасаудың негізін түсініп, экологиялық іс-шараларды қалай жүзеге асыруды үйренеді. 

Жоба аясында әр оқушы үйінен жарамсыз май әкеледі. Оған 80 мың білім алушы тартылған. Демек, мектептерден жылына 200 тонна қолданылған өсімдік майы жиналады. Бұл – Кипрдегі жергілікті халық тұтынып тастаған өнімнің 10 пайызы. 

Джордж Моиси, Kazoil компаниясының атқарушы директоры:

 - Әдетте қолданылған май кәрізді бітеп, қоқыс полигондарында өрттің тұтануына себеп болып жатады. Ал оны өңдеп, кәдеге жаратып отырған жоба жетекшілері жаһандық жылыну мәселесіне өз үлесін қосып отыр.

Ксения Лоизиду, жобаның негізін қалаушы:

- Осы іс-шара арқылы жылына 1 мың тонна көмірқышқыл газының ауаға таралуын азайта аламыз. Бұған біраз адам селқос қарауы мүмкін. Ал біз мұның нәтижелі екеніне көз жеткіздік. Өйткені оның қоршаған ортаға пайдасы орасан.

Игі бастама жергілікті білім министрлігі тарапынан қолдау тапқан. Ал оны іске асыру үшін 570 мың доллар жұмсалған. 

Әсия Нұрлыбаева