ШЫҰ елдері долларсыз саудаға бет бұра ма?
Кейінгі екі жылда ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы сауда-саттық 30%-ке артты, деп хабарлайды 24kz.
Қазіргі көлемі 1 трлн долларға жуық. Алда бұл нарық одан әрі ұлғаяды. Өйткені екеуін қосқанда 2,5 млрд тұрғыны бар, яғни, жер бетіндегі халықтың 3/1 бөлігі тұратын Қытай мен Үндістан саммит аясында алыс-берісті арттыруға уағдаласты. Бұл бетбұрыс жаһандық саудаға қалай әсер етеді? Экономиканың өсуі өндіріс қана емес, тауарыңды өткізе алу екенін ескерсек, бұл екі алып енді аңдыған жауға да алдыра қоймас. Бұған дейін әлемге әмірін жүргізіп, монополия орнатқан өзге алпауыт елдер енді қайтпек?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Осы айда Дүниежүзілік сауда ұйымы жаһандық саудаға қатысты болжамын өзгертті. «Биыл көрсеткіш жақсарады». Ал бұл немен байланысты?
***
Үндістан мен Қытай алыс-берісті арттырмақ
АҚШ-та Дональд Трамп билікке келгелі әлемде геосаяси ахуал ғана емес, жаһандық сауда саясаты да өзгере бастады. Үндістанның ресейлік мұнайды сатып алуын сылтау етіп, Вашингтон тақауда Нью-Делиге 50% баж салығын енгізді. Сарапшылар: «Мұның түпкі себебі мүлде басқа», - дейді. АҚШ-тың діттегені соңғы кезде қарыштап дамып келе жатқан Үндістанды әлсірету деп санайды.
Мақсат Халық, Meta жоғары бизнес мектебінің директоры:
- Үндістан әлем бойынша табысы орташа елдер, яғни, байлар бар елдер ішінде біріншілікке шығып отыр. Яғни, Американың өзін артта қалдырып кетті. Америкада 150 мың бай азамат болса, Үндістанда оның саны 250 мыңнан асып кетті. Осындай көрсеткіштерді көрген ірі корпорациялар нарық Еуропада емес, Азияда да төлем қабілеттілігі жоғары халық пайда бола бастағанын көрді. Сондықтан осы жаққа тауарларын ауыстыру үдерісі жүре бастады. АҚШ мұны да көріп, Вашингтонның бұған қатысты саясаты анық.
***
ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы сауда артады
Вашингтон мен Бейжің арасында бақталастық бұрыннан бар. Алайда, Президент Трамп тұсында саудаға қатысты текетірес тіптен күшейді.
Қытай төрағасы Си Цзинпин Үндістанмен алыс-берісті күшейтсе, жаһандық сауданың басты ойыншысы ретіндегі рөлін айшықтай түсетінін жақсы біледі. Сондықтан, мүмкіндікті қалт жібермей, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті келген премьер-министр Нарендра Модимен ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Мақсат Халық, Meta жоғары бизнес мектебінің директоры:
- Жуырда Сауд Арабиясының мұнайын Қытай юаньмен сатып алды. Ол жерде ешқандай долларды қажет етпей, сатып алған еді Вашингтонның шашы тік тұрды. Өйткені әлемде доллардың қолдану аясы да тарылып барады. Америкамен келіспейтін мемлекеттер бірігіп жатыр деп айтуға болады. Үндістан мен Қытай басшыларының келісімі соған бір дәлел.
***
ДСҰ: Биыл жаһандық сауда артады
Қалай десек те, жаһандық сауда көлемі 0,9%-ке артады. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының жасаған болжамы. Былтыр өсімді небәрі 0,2 пайыз болады деп топшылаған еді. Биылғы көрсеткіштің жақсаруына АҚШ-тағы импорттың артуының әсері болып тұр. Алайда, жағымды динамика ұзаққа созыла ма, жоқ па? Бұл әлемдегі геосаяси ахуалға да байланысты, - дейді сарапшылар.
Айбар Олжаев, қаржы саласының сарапшысы:
- Ең бастысы, тарифтік соғыстар, және Қытай мен Тайвань соғысы басталып кетпеуі керек. Мұндай жағдайда әлемдік саудаға тағы бір үлкен проблема әкеледі, пандемия сияқты. Тура сол секілді блоктык экономикаға қайтып көшіп кетуіміз мүмкін.
Осыдан 10-15 жыл бұрын әлем елдері жаппай Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуға ұмыталатын. Алайда уақыт өте келе одақтас мемлекеттер үшін интеграциялану үрдісінің де аса пайда әкелмейтінін түсінген сыңайлы. Қазір жаңа тенденция пайда болды. АҚШ оқшалану саясатын жүргізе бастады. Мұны сарапшылар да растап отыр.
Мақсат Халық, Meta жоғары бизнес мектебінің директоры:
- Әлем қазір бірігу емес, интеграция деген ұғымдарды емес, бұрын ғаламдану деген идеяларды көп айтушы еді. Қазір жоқ, керсінше, оқшалану, протекционистік саясат жүргізу, өзіндік Ұлттық экономиканы, отандық өндірісті қолдау сияқты көбірек жүріп жатқанын көріп жатырмыз. Оны Американың өзі бастап отыр қазір. Бұрын ол өзі шақыратын бірігейік, ДСҰ-ға кірейік деген идеялар. Қазір керісінше, Америка экономикасы бірінші орында тұру керек.
Қаржыгерлер болса, оқшалану әлемдік сауданың қарқынын тежейді деп санайды. Яғни, ішкі саудадан экономикаға тиетін пайдасы елеусіз. Сарапшылар: «қарапайым алыс-берістен гөрі сыртқы ашық кедергісіз сауданың кірісі зор», - дейді.
Ғалымжан Есқараев, экономист:
- Егер саудамен жеке адамдар ғана айналысатын болса, жеке адамдар ғана байиды да, сондықтан мемлекетке ешқандай табыс келмейді. Сондықтан сауданы тек мемлекет деңгейінде ғана жүзеге асырып, іште өнім өндіруді қолға алу керек.
Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Германияны экономикалық құлдыраудан құтқарып, аяғынан тік тұрғызған бір ұстаным бар. Импортқа иек артудың соңы экономика үшін жақсы емес. Сондықтан неміс билігі Германия азаматына керегін тек Германия шығара алады деген саясатты ұстанды. Осының арқасында жаһандық саудадағы салмағы басым ел атанды.Бірақ бұл тарихта белгілі бір елдер үшін белгілі бір мерзімге ғана пайда әкелген жағдай. Әйтпесе, терезе басын тең ұстамай тағы болмайды. Жабық мемлекеттрдің дамуы екіталай.Қазақ мұндайда жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды деген.