Д. Трамп баспасөзге соғыс ашты

АҚШ Президенті Дональд Трамп The New York Times газетін сотқа берді. Оның үстіне 15 миллиард доллар өтемақы талап етіп отыр. Бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде хабарлады. Ол The New York Times-ті өз ар-ұжданына нұқсан келтірді, жала жапты деп айыптайды.

Сосын өзін сынаған баспасөз құралдарын «фейк», яғни жалған жаңалықтар таратады дейді. Олардың арасында ABC және Washington Post газеттерінің журналистері де бар. Бұған дейін, Трамп CBS телеарнасы мен Paramount Global медиахолдингіне, сондай-ақ Wall Street Journal газетіне қарсы сотқа шағым түсірген болатын. Ал бұл жолы New York Times басылымын «ел тарихындағы ең нашар газеттердің бірі» деп шүйлікті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Бүгін мен The New York Times газетіне қарсы 15 миллиард доллар көлемінде сотқа талап арыз бердім. Бұл басылым еліміздің тарихындағы ең сәтсіз ақпарат құралдарының бірі. Ол іс жүзінде радикалды солшыл Демократиялық партияның үніне айналды. New York Times жылдар бойы мен туралы, отбасым мен кәсібім, сондай-ақ «Америка бәрінен бұрын» қозғалысы мен жалпы еліміз жайлы жалған ақпарат таратып келеді. Енді бұл тоқтатылады.