Әлемдегі діни туризм жайлы не білеміз?

Жыл сайын миллиондаған адам қасиетті орындарға сапар шегеді. Олардың арасында Меккеге, Ватиканға және Иерусалимдегі қасиетті жерлерге зиярат ету кең таралған. Мұндай діни туризм қабылдаушы елдердің экономикасына әсер етіп, қызмет көрсетуден бастап көптеген саланың дамуына серпін береді. Бұл бағыттар миллиардтаған доллар кіріс алып келеді.

Мекке - жер жаһандағы мұсылман қауымның басты қасиетті орны. Жыл сайын шамамен екі миллион адам осы қалаға қажылыққа аттанады. Тур құны жолға шығатын елге байланысты. Шамамен 3 мыңнан 8 мың АҚШ долларына дейін, кейде одан да жоғары болуы мүмкін. Жалпы сомаға виза, ұшақ билеті, қонақ үй, көлікпен тасымал, тамақ және гид қызметі кіреді. Қажылыққа жасағысы келетіндер көп болғандықтан орын мемлекеттерге бөлінген квота арқылы реттеледі. Соған сәйкес бірқатар елде кезек жүйесі мен арнайы бағдарламалар қарастырылған.

Католик дінін ұстанушылар үшін Ватикан киелі мекен. Ол Рим қаласында орналасқан әлемдегі ең кіші мемлекет саналады. Аумағы бар болғаны 44 гектарды құрайды. Соған қарамастан, жыл сайын Рим мен Ватиканға 25 миллионға жуық турист барады. Елге бағытталған турлардың құны қажылық сапарларына қарағанда әлдеқайда төмен. Орта есеппен алғанда, бір апталық экскурсиялық бағдарлама 1000-2000 еуро көлемінде бағаланады. Бұл бағаға ұшақ билеті, қонақ үйге орналастыру және кей кездері тамақтану шығындары кіреді.

Иерусалим де әлемде адамдар ең көп қатынайтын бағыт. Мұнда жыл сайын миллиондаған турист Батыс қабырғасы, Қасиетті қабір шіркеуі және Әл-Ақса мешіті сияқты киелі орындарға зиярат етуге барады. Турлардың құны әртүрлі. Христиан және иудей бағытындағы 10 күндік сапарлар, ұшақпен барып қайту, қонақ үй мен экскурсияларды қоса алғанда, шамамен 1500- 3000 доллары аралығында. Әл-Ақса мешітіне бару шығындары да осыған ұқсас. Бірақ елге және тур ұйымдастыру деңгейіне қарай өзгеріп тұрады. Жалпы Иерусалим - ұзақ уақыт бойы Израиль мен Палестина арасындағы шиеленістің басты себебінің бірі. Қаладағы тұрақсыз жағдай туристердің ағымына әсер етіп келеді. Газадағы қақтығыстан шаһарға саяхаттаушылар қарасы едәуір азайған.