Әлемде лаңкестік әрекет тыйылмай тұр

Әлем халқы, негізінен, үш дінді ислам, христиан, будданы ұстанады.

Әрқайсысының сенімі әртүрлі болғанымен, мақсаты мен міндеті ортақ. Татулық пен бірлікті сақтап, ізгілікке ұмтылу. Алайда, кейінгі жылдары әлемде исламофобия белең алып барады. Дін атын жамылған түрлі экстремистік және террористік ұйымдардың әрекеті қазірде жаһан тыныштығының берекесін қашырып отыр.

Жалпы исламофобия түсінігі, 1979 жылғы Иран төңкерісі, кейін 2001 жылғы күллі әлемді дүр сілкіндірген АҚШ-тағы лаңкесік оқиғадан  кейін жаһандық сипат ала бастады. 

Ал, қазір әлем назары Таяу Шығысқа ауған. Әлемдік үш діннің орталығына айналған, Біріккен ұлттар ұйымы қасиетті шаһар деп атаған Иерусалим қазірде дін мен ұлтаралық араздықтың қақ қортасында қалып отыр. Мұсылмандар Мекке мен Мединеден кейін, Әл-Кудсты Ислам әлемінің ең маңызды мекені ретінде қастер тұтады. Исламмен қатар христиан мен иудаизм діндері де дамыған.

Шаһардағы қаситетті Әл-Ақса мешіті мұсылмандардың жүрегінде ерекше орынға ие. Алайда көптеген діндар еврей бұл нысанға жаңа еврей храмына орын босатуға тиіс, қиратылуы керек ғимарат ретінде қарайды. Наным-сенімнің осындай кереғарлығы салдарынан Израиль мен Палестина талай жылдан бері жауласып келеді. Осылайша әлем радикализм мен діни экстремизмнің түрлі кедергілеріне тап болып жатыр. Осы қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың жолы қандай? Бұл да, биылғы съезде көтерілетін басты тақырыптардың бірі. 

Әбделуаб Әл-Шехри, Дүниежүзілік Ислам Лигасы бас хатшысының көмекшісі:

- Әлемде болып жатқан қазіргі жағдайларға қарасақ, көптеген дағдарыс пен қақтығысты көреміз. Оның ішінде халықаралық заңдарға қайшы, адамгершілікке, дінге, мәдениетке және халықаралық ережелерге сай емес істер ошағына айналған Газадағы алапат апатты айтсақ болады. Ол жақты аштық жайлап, адамдарды күштеп басқа жерге қоныстандыру үрдісі белең алып барады. Бұл да жаһандық дінбасылар көтеретін мәселе.

Діннің мақсаты адамдардың қолына қару ұстатып қырылыстыру емес. Дауластырмау. Ізгілікті насихаттау. Израиль мен Палестина ұлан-байтақ жерге бір-бірін сыйыстырмай дал. Ал, территориясы бір шаршы шақырымға жетпесе де, Ватикан әлемге діни ықпалымен танымал болып отыр. Папалық биліктің қалыптасуынан бастап, бұл ел христиан өркениетінің маңызды орталығына айналып, Газа секторындағы қантөгіске қатысты батыл пікірін білдіріп келеді. Рим папасы халықаралық қауымдастықты адамзатқа жасалған қастандықты қатаң айыптап, лаңкестік әрекеттерді тоқтатуға шақырды. 

Роберт Фрэнсис Прево, Рим Папасы:

- Қандай жағдай болмасын, бейбіт тұрғындарды қауіп-қатерден сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықаралық адам құқықтары жөнінен маңызды міндет саналады. Израильдің Газа тұрғындарын күштеп көшіру саясатын қатаң айыптаймын.

Әлемде лаңкестік әрекет тыйылмай тұр

Cаяси себеппен адамзат баласына қарсы жасалған кез келген әрекет терроризм деп бағаланады. Жер жүзіндегі мұндай қылмыстардың нақты дерегі жоқ. Дегенмен 2000-шы жылдардан бергі есепке сай, 72 мың 135 теракт тіркелген. Қаза тапқандар саны 170 мыңнан асып жығылады. Ал, былтыр әлем бойынша 50 ірі лаңкестік оқиға болды. Мыңдаған адам қаза тапты.Экономика және бейбітшілік институты Жаһандық терроризм индексіне қарсақ, қазірде 163 елдің, 66-сында лаңкестік әрекет тыйылмай тұр. Жалпы 500-ге жуық  ірілі-ұсақты террористік және экстремистік діни топтар бар. Олардың дені көптеген мемлекетте қара тізімге енген. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде 22 террористік діни ұйымға тыйым салған.

Діннің ортақ мақсаты

Әлем халқының 85% белгілі бір дінді ұстанады. Діннің 4 мыңнан астам түрі бар. Алайда, ең көп тарағаны христиан, ислам, индуизм және буддизм. Соның ішінде христиан дінін 2,38 миллиард адам қабылдаған. Ал, ислам дінін 1,91 миллиард, индуизмді 1,16 миллиард адам ұстанады. Мұның сыртында ұлттық сипат алған өзге де діндер бар. Ал, 1,2 миллиард адам ешбір дінді қабылдамаған.

Христиан - 2,38 млрд 
Ислам - 1,91 млрд
Индуизм - 1,16 млрд
Буддизм - 507 млн
Ұлттық  - 430 млн
Өзге де - 61 млн 
Иудаизм - 14,6 млн

Дереккөз: World Population Review

Дін әр адамның жеке таңдауы. Алайда қазіргі қоғамда  тұрақсыздық пен геосаяси шиеленіс тереңдеп тұрған тұста жер жаһанды бейбітшілікке бастайтын ортақ пікір қалыптастыру маңызды.