Түркияда қазақ тілін үйренушілер көбейді

Түркияда қазақ тілін үйренгісі келетіндердің қатары артып келеді.

Алғаш рет былтыр Анкара университетінің тіл оқыту орталығында қазақ тілі курсы ашылған еді. Бір жылда 50-ден астам адам тілді еркін меңгеріп шықты. 

Тілі басқа болса да, тілегі бір бұл халық қазақ тіліне ерекше қызығады. Сол себепті студенттер ғана емес, түрлі салада еңбек етіп жүрген білікті мамандар да тілді үйреніп жүр. Кестесі тығыз болса да, әр сабақты қалт жібермейді. Тіпті курсқа қазақ мәдениетін зерттеп жүрген жас ғалымдар да қатысып жүр.

Хаят Дениз Илташ, ЭГЕ университетінің PHD докторанты:  

- Қазақ тілін бір жылдан бері үйреніп жүрмін. Қазіргі таңда еркін меңгердім. Негізі түрік тіліне ұқсас болғандықтан қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ.

Дәрісті қазақ емес, түрік оқытушы өткізеді. Ұлты басқа болса да, қазақтың ұлттық құндылығын еркін меңгерген. Әр сабақта білім алушыларға халқымыздың дәстүрі мен бай мәдениетін дәріптеп отырады.

Севил Караман, Тіл оқыту орталығының оқытушысы:

- Қазақс тіліне сұраныстар, талаптар болып жатыр. Университетіміздің студенттері көбінесе келіп үйреніп жатыр. Жұмыс істеп жүрген қызметкерлер де қазақша үйренгісі келеді.

Тек қана үйреніп шығумен шектелмейді, қазақ тілінде өлең жазатындар да бар. Тіпті ән айтатындар бар. Қазақша еркін сөйлеп жүргендер де көбейіп келеді.

Сабақ түрік тілді аудиторияға арналған оқу құралы арқылы өткізіледі. Оқулықты екі жыл бұрын жергілікті ұйымдармен бірлесіп, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген. Бұл – бастапқы деңгейге арналған. Енді орталық мамандары орта деңгей бойынша оқу құралын басып шығаруды жоспарлап отыр.

Тимур Гүлтекин, Тіл оқыту орталығының директоры, профессор:

- Қазақ тілі курсын ашуға түрік тарихы, мәдениет қоры мен Анкарадағы Қазақстан елшілігі мұрындық болды. Біздің мақсатымыз – Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтып, мәдени ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру. Сол себепті осы бағыттағы міндетімізді жалғастыра береміз.

Қазақ тіліне қызығушылықтың артуы қос ел арасындағы достық пен мәдени байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бастама түркі халықтарының ынтымақтастығын да күшейте түспек.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева