Цифрландыру су шығынын азайтады
Әлемде трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану туралы 290-ға жуық құжат түзілген. Алайда суға талас мәселесі әлі толық шешімін таппай тұр. Өйткені, мемлекеттердің тек 20 пайызы ғана тіршілік нәрін бірлесіп пайдалану бойынша келісімге қол жеткізді. Ал төрткүл дүниеде ауызсудан тарығып отырған ел қаншама. Сондықтан сарапшылар: "Суға таластың арты жанжалға ұласпас үшін барлық тараптың мүддесін ескеретін ортақ құжат қажет", - дейді.
Ал осы трансшекаралық өзендердің жайын енді кім ойлайды? Не істеу керек? Халықаралық шолумыз Зайнұр Байжігіттен білейік. Қайырлы таң, траншекаралық өзендер ағып өтетін елдерге ортақ су. Бірақ оны көп мемлекет бөлісе алмай жүргенде, кейбірі тартыла бастады. Мұны тоқтатудың шешімі қандай?
Әлемдегі трансшекаралық өзендер мәселесі: өзендерді еркін ағысқа жіберу қажет
Жер бетіндегі трансшекаралық өзен суларының тартылуын тоқтатудың бірден бір амалы - судың жолына бөгет пен тосқауылдар қоймай, керсінше еркін ағысқа жіберу керек. Халықаралық ғалымдардың айтуына қарағанда, трансшекаралық өзендердің тартылып кетуіне жасанды бөгеттер мен су қоймаларының көп салынуы себеп. Әр мемлекет өз пайдасын ойлап, ағыс жолына тосқауыл қоюы келесі мемлекеттің тіршілік нәрінен тарығуына әкеліп жатыр. Сондай-ақ экожүйеде табиғи тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан бүкіл жаһан жұрты гидротехникалық құрылыстарды көбейту саясатынан бас тартуы қажет, - дейді.
Болат Есекин, Орталық Азия бойынша су ресурстарын басқару платформасының үйлестірушісі:
- Тіпті Қытай да Янцзы өзенінің салаларын су қоймалары, бөгеттерден, және дамбалардан босатып жатыр. Олар мұндай құрылыстардың экологиялық, әлеуметтік, экономикалық тәуекелдері қандай екенін зерттеді. Сөйтіп, еркін ағып жатқан өзендер — ұзақ мерзімді, әрі сенімді су қамтамасыз етудің ең тиімді жолы екеніне көз жеткізді.
Жер бетінде 40 мыңдай бөгет салынған
Жаһандық географиялық бөгеттер деректер қорының мәліметі бойынша, әлемдегі бөгеттердің саны 40 мыңға жуықтайды. Оның жартысы Азияда тұрғызылған. Қытай мен Үндістан, Пәкістан және Орталық Азия елдері су электр стансаларын көп салған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, соның ішінде егіншілік жақсы дамыған. Ал, бұл суды көп қажет ететін саланың бірі. Солтүстік Америкада 8 жарым мың бөгет бар. Көбі – АҚШ-та тұрғызылған. Еуропада – 5 мың, ал Оңтүстік Америкада 4 мың су қоймасы салынған. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бөгеттердің көп салынуы өзендердің табиғи ағысын өзгертіп қана қоймай, трансшекаралық дауларды күшейтіп тұр.
Әлемдегі бөгеттердің саны:
Азия - 18000
Солтүстік Америка - 8500
Еуропа - 5 000
Оңтүстік Америка - 4000
Африка - 1200
Аустралия мен мұхит елдері - 467
Әлемнің өзекті мәселесі - су
Орталық Азия елдерінде де жағдай қуантарлық емес. Қазір аймақта 400-ден аса бөгет бар. Тағы 200-ге жуық нысан салу жоспарланып отыр. Бұл — жаһандық су циклін бұзып жатқан негізгі фактордың бірі. Сарапшылар: “ Тіпті болашақта Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан осы суға таластан жаңа шиеленіс аймағына айналуы да мүмкін”, - деп топшылап отыр.
Су - әлемдегі ең өзекті мәселе
БҰҰ-ның дерегі бойынша, дүниежүзінде трансшекаралық өзен 153 мемлекеттің аумағынан ағып өтеді. Бірақ олардың тек 24-і ғана тіршілік нәрін бірлесіп пайдалану туралы келісім жасасқан. Сарапшылар бұл өте төмен көрсеткіш дейді. Былтыр “Ніл өзені бойынша ынтымақтастық туралы құжат” күшіне енді. Бұл келіссөз 10 жылға жалғасқан еді. Алайда, келісімге өзен етегіндегі Мысыр мен Судан қол қоюдан бас тартып келеді. Кей шарттары елдің мүддесіне сай емес, дейді. Жалпы, Ніл өзені қара құрлықтағы 10 елдің аумағынан ағып өтеді. Жарты млн адамды ауыз-сумен қамтып отыр.
Цифрландыру су шығынын азайтады
Су саясатын реформалау үшін цифрлық бақылау орнату қажет. Сарапшылар мұндай платформаны ұлттық деңгейде үйлестіруді ұсынып отыр.
Болат Есекин, Орталық Азия бойынша су ресурстарын басқару платформасының үйлестірушісі:
- Су пайдалану салаларында автоматтандырылған технологияны енгізу тіршілік нәрін 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл - тек үнемдеудің ғана емес, сондай-ақ ретке келтірудің, ашықтықты қамтамасыз етудің тиімді құралы.
Жер бетіндегі 3 млрд халық суды трансшекаралық өзендерден алады. Ал халықаралық сарапшылар келісім болмай, тіршілік нәрін теңдей бөлу мен оның көлемін болжаудың өзі қиын екенін айтады. Демек, дәл қазір ғаламдық деңгейде жаңа “Су кодексі” немесе әмбебап келісім қажет.