БҰҰ жайлы не білеміз?

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы 1945-ші жылдың 26 маусымында қабылданып, 24 қазанда күшіне енді. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымы алты басты органнан тұрады. Олар – Бас Ассамблея, Қауіпсіздік Кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Халықаралық сот, Қамқорлық жөніндегі Кеңес және Хатшылық. Қытай, ағылшын, француз, орыс, испан, араб халықаралық ұйымның ресми тілдері саналады.

БҰҰ-ның құрылымында 30 шақты бағдарлама мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ сияқты мамандандырылған институттар бар. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына 1992 жылдың 2 наурызында енеді. Содан бері еліміз жаһандағы өзекті мәселелерге қатысты өз ұстанымы бар мемлекет ретінде танылды. Он жылдан кейін, яғни 2002 жылы БҰҰ Бас Хатшысы Кофе Аннан Қазақстанға ресми сапармен келген. Осылайша, еліміздің БҰҰ-мен ынтымақтастықтың болашағын айқындап кетті.

Келесі жылы еліміз БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына үлес қосу жөніндегі меморандумына қол қойды. Содан бері Қазақстан бітімгерлік операцияларға қатысып келеді. Биылғы жыл Қазақстан үшін де, БҰҰ ұйымы үшін де айрықша болды. Алматыда Тұрақты Даму мақсаттарының аймақтық хабы ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Бас Хатшы Антониу Гутерриш келіп қатысты.

Айта кетерлігі, Қазақстан ұйымның ең тәртіпті жарна төлеушісі саналады. 190 мемлекеттің ішінде 61 ел өзінің қаржылық міндетін мүлтіксіз орындап келеді. Біздің ел үнемі үздік бестіктің қатарынан көрінеді. Жарнаны уақытылы төлемейтін елдер БҰҰ Бас Хатшалығындағы дауыс беру құқығынан айырылатынын осы ретте айта кеткен жөн болар. Ал оны қайтару үшін Бас Хатшылықтың арнайы үкімін күту қажет.