Орталық Азияда азаматтық қоғамның ролі артты

БҰҰ азаматтық қоғамның рөлін арттыруға мүдделі мемлекеттердің бастамасын әркез қолдайды.

Оларға жан-жақты көмек көрсетіп, жетекші халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйенеді. Бас ұйымның Алматыда ашқан орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығы соның айғағы. 

Жәмилә Асанова, Қазақстандағы «Арго» азаматтық қоғамды дамыту бірлестігінің директоры:

- Азаматтық қоғам жақында ашылған хабтың жұмысынан үлкен нәтижелер күтеді. Зор мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Орталық Азия елдеріндегі белсенді қоғамдық ұйымдармен жұмысымызды шираттық. Осындай басқосулар ең алдымен пікір алмасуға, жоспар құруға таптырмас құрал. Азаматтық қоғамның рөлін арттыруға мүмкіндіктер ашады.

Ташкенттегі жиынға Қазақстан, Жапония, Германия, Швеция мен Швецарияның ғылыми институттары,үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдері қатысты. Олар аймақтағы азаматтық қоғамның рөлін бағамдап, болашақ стратегиясын түзді. 

Фархут Буранов, Орталық Азиядағы демократиялық процестер орталығы директорының орынбасары:

- Біз ең алдымен тәжірибе алмасып жатырмыз. Ортақ мақсатқа жету үшін орнықты дамудың оңтайлы моделін табу маңызды. Содан кейін болашаққа деген негізгі стратегияны түземіз. Мемлекетпен азаматтық институттардың арасын жақындатып, ролін арттыру үшін халықаралық ұйымдардың тәжірибесімен бөлісуі орынды.

Азаматтық қоғам деңгейін өлшейтін халықаралық ұйымдардың зерттеуінше, ашықтық пен еркіндік принципі сақталған мемлекеттерде азаматтық қоғамның ролі арта береді. Бұл қағидаттарға Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда ерекше басымдылық берілген.

Дулат Нуркин