Бішкекте қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтті
«Қазақ-қырғыз әдебиеті мен өнерін насихаттауға басымдық беріп, белгілі ақын-жазушылардың дәрістерін ұйымдастыру қажет».
Бішкекте өткен қазақ-қырғыз зиялыларының форумында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Кездесу барысында екі елдің мәдени - гуманитарлық ынтымақтастығы сөз болды.
Осымен тоғызыншы рет өтіп отырған форум мәдениет қайраткерлерінің кезекті кездесуі ғана емес. Ол әлдеқашан бауырлас екі елдің арасындағы маңызды диалог алаңына айналған. Әр сөздің астарында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тарих пен ортақ шығармашылық жатыр. Мәулен Әшімбаев түбі бір халықтардың әдеби шығармаларын цифрлық кеңістікте сақтау маңыздылығын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мәдени мұраны, әдеби шығармаларды цифрлық кеңістікте сақтау аса маңызды. Ол үшін ғылыми еңбектердің электрондық нұсқаларын әзірлеуге, аудиокітаптарды көбейтуге, виртуалды музейлер ұйымдастыруға және тағы басқа жобаларды бірлесіп іске асыруға болады. Біз өз тарапымыздан осы бастамаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз.
Көршілес елдердің арасындағы мәдени байланыс еш уақытта үзілген емес. Кинофестиваль, көрме, театр гастрольдері тұрақты түрде өтеді. Екі жақты тәжірибе алмасу тағы бар.
Қаныбек Иманалиев, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Қазақстан мен Қырғызстан жазушыларының ынтымағы берік. Қырғыз спектакльдері Алматыда ғана емес, тіпті, аймақтық театрларда да көрермен назарына ұсынылады. Мұндай байланысты өнердің өзге салаларында да дамыту керек. Өйткені мәдениет - халықтың рухын көтеретін, рухани ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін жұмсақ күш.
Форум аясында Қырғыз Республикасының бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері екі елдің достығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның мемлекеттік және парламенттік наградаларымен марапатталды.
Бауыржан Шамшат, Мөлдір Жақан, Бакыт Чермашев