Әлем нарығында бидай бағасы құбылып тұр
Бұған жаһандық ұсыныстың артуы себеп, деп хабарлайды 24kz.
Биыл Еуропа елдері мен Ресейде егін бітік шықты. Ал БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының кейінгі мәліметі бойынша өткен айда дәнді дақылдар бағасының индексі 0,8% төмендеді.
Алда әлемдік нарықтағы астық нарқы қалай құбылады? Бұл Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауылшаруашылық орталығы не дейді?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Осы айда БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы астық өніміне қатысты болжамын өзгертті. Кейінгі келтірілген мәліметтерге қарағанда, әлем биыл 2 млрд 961 млн тонна астық орады. Бұл алдыңғы болжамға қарағанда 36 млн тонна көп. Иә, биыл өнім мол. Бірақ баға әзірге көңіл көншітпей тұр. Мәселен, АҚШ-тың Чикаго биржасында бидай бағасы бір бушеліне 5 доллар 8 центке дейін арзандады. Бір бушель дегеніміз – шамамен 27 келі. Яғни, әлемдік нарықта бір келі бидай 101 теңгеге бағаланып отыр.
Моника Тотова, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы нарық және сауда бөлімінің бас экономисі:
- Биыл әлем елдері қамбаларына былтырғыға қарағанда 3,5% көп астық құяды. Осы жылы жүгерінің шығымы өте жақсы. Бидай бойынша болжамды өзгерттік. Алдыңғы көрсеткішке қарағанда сәл төмен. Десе де, 2024 жылмен салыстырғанда 7 млн тонна көп.
Иә, бидай егудің бейнеті де, тәуекелі де көп. Ал оған қатысты әлемдік нарық алдағы уақытта қалай өзгеруі мүмкін? Бұған қатысты халықаралық ұйымның сарапшысы былай дейді.
Моника Тотова, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы нарық және сауда бөлімінің бас экономисі:
- Солтүстік жарты шарда егін орағы енді аяқталды. Оңтүстік жарты шарда Аустралия мен Аргентинада биыл өнім жақсы. Яғни, нарықта ұсыныс өте жоғары. Әдетте жылдың осы кезінде, яғни, жаздың соңы мен күздің алғашқы айында баға ең төменгі деңгейде болады. Бірақ кейіннен сәл көтеріліп, нығаюы мүмкін. Бұл әрине, сауда саясатының қалай дамитынына да байланысты.
Сауда саясаты демекші. «Блумберг» агенттігінің мәліметі бойынша Тайуань АҚШ-пен сүбелі келісім жасасты. Алдағы 3 жылда 1 млрд 300 млн доллардың 3,6 млн тонна бидайын сатып алмақ. Тайуань Құрама Штаттары үшін негізгі нарық. «Алайда, бұл келісім бағаның уақытша ғана көтерілуіне әсер етеді», - дейді трейдерлер. Әлемде бидай нарығында бәсеке жоғары. Мәселен, алғашқы екі айда Ресей сыртқа 6 млн тоннасын ғана шығарған. Сондықтан нарықты ынталандыруды қолға алмақ. «Астықты теміржол арқылы порттарға жеткізгендерге субсидия төлейміз», - деп отыр. Иә, сыртқа астық өткізу оңай емес. «Сондықтан егін егуден бұрын оны өткізетін нарық табу маңызды болып тұр», - дейді сарапшы.
Моника Тотова, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы нарық және сауда бөлімінің бас экономисі:
- Ең алдымен экспорттаушы ел қай нарыққа шыққысы келетінін ескеруі керек. Мысалы, Қазақстан үшін Иран мен Сирия сияқты көршілес елдерге астық тасыған тиімді. Себебі экспорттаушы ел үшін басты мәселе – өнімді жеткізудің құны.
Халықаралық сарапшы: «Жиын-терім кезінде цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану қажет», - деп санайды. Бұл өнімді жинау, сақтау, техниканы басқаруды оңтайландырады. Сайып келгенде, бұл кез-келген экспортаушы елдің потенциалын арттыруға сеп болары сөзсіз.
Авторы: Зайнұр Байжігіт