Қытайда «Рагаса» дауылынан 2 млн адам зардап шекті. LIVE
Қытайда «Рагаса» теңіз дауылы ойран салып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қала мен елді мекендерде мыңдаған нысан су астында қалды. Зардап шеккен адам саны 2 миллионнан асты. Жүздеген адам ұшты-күйлі жоқ. Елдің оңтүстік аймағында төтенше жағдай жарияланды. Қазір осы елдегі меншікті тілшіміз
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Тайфун жолындағы қала мен елді мекендерді жайпап барады. Жойқын дауыл салдарынан көз жұмғандар саны 20-ға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсуі әбден мүмкін. Қазіргі уақытта 100-ден астам адам табылмай жатыр. Теңізге шығып қайта оралмаған балықшылар да бар.
Бұл Қытайда биыл соққан 18-ші дауыл. Салдарынан Тайвань, Макао, Гуандун, Хайнань сияқты аймақтардың халқы қатты жапа шекті. Тұрғын үйлерді су басып жұрт үдере қашып жатыр. Төтенше жағдайға байланысты әуе рейстері мен теміржол қозғалысы шектелді. Әлеуметтік нысандар жабылып қалды. Байланыс үзіліп, жарық ажыратылды. 80 мыңдай жолаушы мен балықшы кемесі жағаға шығуға мәжбүр болды. Биіктігі 8-9 метрлік толқындар соғып жағалаудағы елді мекендерді су шайып кетті. Көлік, бизнес нысандар су асытнда қалды. Елдің ұлттық метеорологиялық қызметінің мәліметіне сәйкес, қазір дауыл оңтүстікке батысқа қарай аса жылдамдықпен жылжып барады. Кейбір аймақтар соққыға дайындалып жатыр. Аймақта қауіптің ең жоғары «қызыл» деңгейі жарияланды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Жергілікті билік туристерді тәуекелге бармауға шақырып отыр. Сонымен қатар Юньнань, Гуйчжоу, Цзянсу, Фуцзянь өңірлерінде де қауіп артты. Бұл провинцияларда нөсер жауып таулы жерлерде лай көшу қаупі бар. Осы аймақтарға жақын күндері саяхаттауды жоспарлаған қазақстандықтар болса, жолға шықпаған абзал.