Данияда дрондардың кесірінен Ольборг әуежайының жұмысы уақытша тоқтады
Данияда дрондар қайта дүрбелең туғызды, деп хабарлайды 24kz.
Тіпті елдің солтүстігіндегі Ольборг әуежайының жұмысы уақытша тоқтады. Бұл терминал әскери база ретінде де қолданылады. Полиция тергеу бастады. Халықаралық агенттіктердің мәліметі бойынша әуежай кестесіне бірнеше ұшу аппараты кедергі келтірген. 3 жолаушылар рейсі өзге терминалдарға жіберілді. Осыдан бірер күн бұрын осындай жағдай Дания астанасы Копенгаген мен Норвегияның Осло қаласында да болды. Салдарынан 100-ге жуық рейс кешігіп ұшқан. 20 мың жолаушы діттеген жеріне жете алмай әлек болды. Қазір тараптар екі елдегі оқиғалардың арасында байланыс бар-жоғын тексеріп жатыр.