Испанияның оңтүстік-шығысында су тапшы
Испания су қоймаларының жалпы қоры 70%-тен төмендеп кетті, деп хабарлайды 24kz.
Бұл әсіресе, құрғақшылыққа бейім Испанияның оңтүстік-шығыс аймағында су тапшылығын күшейтіп, ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Елдегі су ресурстарын басқару ұйымдары жоспарлы түрде су беру көлемін қысқартты. Нәтижесінде аймақтағы жылыжайлар суды 30%-ке дейін аз тұтынуға мәжбүр.
Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан бір жарым миллионға жуық тұрғыны бар Мурсия қаласы мен аймағы биыл су тапшылығын анық сезді. Елдің оңтүстік-шығысындағы бұл автономия Испанияның бау-бақшасы ретінде белгілі. Өйткені Мурсияның жылыжайлары мен ашық даладағы алқаптары апельсин, лимон, қызанақ, қияр, бұрыш және салат жапырағы сияқты дақылдарды молынан өсіріп, жыл сайын Еуропа дүкендеріне миллиондаған тонна өнім жеткізетін. Алайда биылғы құрғақшылық пен су тапшылығы ауыл шаруашылығы өндірісіне ауыр соққы болып тиді. Ресми деректерге сәйкес, судың жетіспеушілігі салдарынан Мурсияда дақылдар көлемі 6000 гектардан астамға қысқарды.
Рауль Валльс, шаруа, қоғам белсендісі:
- Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған деңгейде өндірісті тежеп, экспортқа бағытталған өнім көлемін айтарлықтай қысқартты. Өнім азайған соң жергілікті шаруалар, әрине, бағаны көтеруге мәжбүр. Испанияда жеміс-жидек пен көкөніс бағасы биыл 18%-ке артты.
Су тапшылығының ауыр салдарын сезген фермерлер аймақтық билікке субсидияны ұлғайту туралы өтініш түсірді. Өз кезегінде Мурсия үкіметі биылғы шілде айында ғана шаруаларға 4,5 млн еуро көлемінде көмек пакеті бөлінгенін атап өтті. Алайда қаражаттың басым бөлігі бадам ағаштарын қайта отырғызу мен су үнемдейтін технологияларды енгізуге бағытталды. Сол себепті ауылшаруашылық қауымдастықтары бөлінген қаржыны жеткіліксіз деп санап, нақты аграрлық секторға берілетін бюджет көлемін арттыруды сұрап отыр.
Фернандо Лопес Мирас, Мурсия аймағының президенті:
- Ауыл шаруашылығы мен билік арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр. Мәселені түбегейлі шешу үшін суды үнемдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және қаржылық қолдауды ұлғайту сияқты кешенді шаралар қажет. Су тапшылығын жеңілдету мақсатында жылыжайларға арналған субсидияны келесі жылғы бюджетте көбейтуді жоспарладық. Суды үнемдеу саясатына шаруалар дайын болуы тиіс және шығындарын алдын ала есептеулері қажет.
Сондай ақ жергілікті үкімет ауыл шаруашылығымен қатар тұрғындарды су ресурстарын қатаң үнемдеуге шақырды. Шаралар қатарында бассейндерді толтыруды шектеу, тұрмыстық суды аса үнеммен пайдалану, мәселен жуу машиналарын қуат үнемдеу режимінде қолдану және крандар мен ыстық су жүйелерін жөндеуден өткізу нұсқаулықтары бар. «Тұрғындар бұл ұсыныстарды орындаса, аймақтағы су тапшылығын шамамен 15%-ке азайтуға мүмкіндік туады», - дейді мамандар.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач