Әлемде лудоманиямен күрес күшейді
Лудомандар мәселесі шетелде де өзекті, деп хабарлайды 24kz.
Австралияда құмар ойын нағыз эпидемияға айналған. Соңғы 15 жылда елде ойынқұмарлардың саны 3 есе өскен. Ал ондағы букмекерлер жылына 20 млрд долларға дейін табыс табады. Нарықтың толық реттелмеуі саладағы жемқорлықтың белең алуына әкеп соқты. Тіпті австралиялық спорттың өзі бүгінде букмекерлік кеңселердің ақшасына тәуелді болып отыр. Өзге елдерде де жағдай мәз емес. Әлем бұл індетпен қалай күресуде?
Жоғары пайыздық мөлшерлеме, пәтер мен азық-түлік қымбатшылығынан шаршаған Австралия тұрғындары амалдың жоқтығынан жаппай казиноға ағылады. Сиднейде ойын автоматтары бұрыш-бұрышта қаптап тұр. Сондықтан басы қызыққа, соңы қасіретке толы құмар ойынның кұрығына түсу тым оңай. Әсіресе, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында казино желілері мен ойын автоматтары кең тараған. Олардың саны шамамен 90 мыңға жетеді. Бұдан көп слот-машиналар тек Лас-Вегаста орналасқан. Билік басындағылар 2023 жылы Ойын кодексінің бағдарламасын дайындауды бастаған еді. Олар лицензиялау шараларын күшейтіп, ойыншылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеген. Алайда Заң ақыры күшіне енбеді.
Құрдымға кетіретін құмар ойындарға тәуелді жандар Германияда да аз емес. Мемлекет лудоманиямен депозиттік лимиттерді шектеу арқылы күресіп жатыр. Мұнда ойыншылар үшін айына 1000 еуро көлемінде лимит қарастырылған. Сондай-ақ туыстарының өтініштері бойынша әбден шектен шыққан ойынқұмарларды «қара» тізімге енгізуге болады. Осының нәтижесінде олар белгілі бір мерзімге азарттық ойындардан шеттетіледі.
Қытайда құмар ойынға тыйым бар. Кез-келген онлайн-казино жарнамасы үшін темір тордан бір-ақ шығуың мүмкін. Құмар ойынды табыс көзіне айналдырғандар да қылмыстық жазаға тартылады. Аспан асты елінде сыртқа шығарылған заңсыз капиталдың бестен бірі құмар ойынның үлесіне тиесілі. Сондықтан билік заңсыз онлайн-платформалармен күресті күшейткен.