Өзбекстанда 1900-ден астам бүлдіршін астан уланды

Өзбекстандағы Ташкент облысының балабақшаларында бүлдіршіндердің жаппай улану фактісі тіркелді. Екі ауданда 1900-ден астам бала медициналық көмекке жүгінген. Қазір 1000-ға жуығы ауруханаға жатқызылды.

Қалғаны медициналық тексеруден өткеннен кейін үйлеріне жіберілді. Ата-аналардың айтуынша, балалардың дене қызуы көтеріліп, құса берген. Жаппай уланудың себебі ашыған айран болуы мүмкін-деген болжам бар. Сондай-ақ ата-аналар ет өнімдерінен де күдіктеніп отыр. Оқиғаға байланысты ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғап, 7 адам қамауға алынды. Олардың үшеуі балабақшаларды азық-түлікпен қамтамасыз ететін аутсорсингтік компания өкілдері.