Парижде Шымкент қызғалдақтары отырғызылды

Париждегі танымал Ваграм алаңында қазақстандық қызғалдақтардың тұқымы егілді, деп хабарлайды 24kz.

Гүлдерді Шымкент қаласы әкімдігі сыйға тартты. Игі іске Қазақстан Елшілігі мен Франциядағы қазақстандық әйелдер QazElles қауымдастығы мұрындық болды. Бұл көпжылдық өсімдіктер Орталық Азияда өседі. Дәл осы аймақтан қызғалдақ бүкіл әлемге таралып, Еуропаның таулы аймақтарына да жайқалып тұр. Енді бұл Гүлдер Парижге ерекше көрік береді.

Жеффруа Буллар, Париж қаласындағы 17-ші округтің әкімі:

- Қазақстаннан келген қызғалдақтарды отырғызу рәсіміне қатысқаныма өте қуаныштымын. Біздің округта шамамен 165 мың тұрғын бар. Франциядағы қазақстандық әйелдерінің қауымдастығы көптеген жобаларды жүзеге асырып, француз жұртшылығын қазақ мәдениетімен жақындастырып келеді. Біз үшін қызғалдақ отырғызу – ұзақмерзімді достықтың символы.