Әлемде мұнай өндірісі артып келеді

Келер айдан бастап әлемде мұнай өндірісі тәулігіне 137 мың баррельге артады. ОПЕК+ ұйымы осындай шешім қабылдады.

Өндірістің артуына нарықтағы тұрақтылық қана емес, экономикасы үздіксіз өсіп келе жатқан Азия елдері оң әсер етуі мүмкін. Осыны ескерген Таяу Шығыстағы ірі мұнай өндіруші мемлекеттер салаға біршама инвестиция құйып, кен орындарын қайта жандандыра бастады. 

Қазір әлемде мұнайға деген жалпы тәуліктік сұраныс шамамен 103 млн баррельге тең. Соның 45 пайызға жуығын ОПЕК+ мемлекетттері өтеп отыр. Сауд Арабиясы - жетекші өндіруші болса, Араб әмірліктері, Кувейт және Қазақстан жаһан нарығын қара алтынмен қамтуда маңызды рөл атқарады.

Ұйым тамыз және қыркүйек айында өндіріс мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруды қолға алды. Кейінгі екі айда жалпы өсім 1 млн баррельден асты. Енді қазанда қосымша тағы 137 мыңға көбеймек. Мамандардың айтуынша, бұл шешім өндірушілер мен тұтынушылар мүддесіне сай. Қазақстан да өзіне тиесілі өндірістік міндетті орындап, нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға үлес қосып жатыр.

Барлық тарап негізгі шикізат ресурсына келгенде, мұнай бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүдделі. Бір айта кетерлігі, Сауд Арабиясы мен Әмірліктер өндіріске мол инвестиция салып, жаңа кен орындарын ашуға кірісіп кеткен. Бұл жайында таяуда Абу Дабиде өткен кеніштерді бұрғылау жөніндегі ірі конференцияда айтылды.

Осындай ауқымды жиындарға тұрақты қатысып жүрген, жергілікті мұнай-газ компаниясында қызмет ететін маманды сөзге тартқан едік. Пікіріне құлақ түрсек.

Бағдат Ахмет, жергілікті мұнай-газ саласы бойынша сарапшы:

- Шығанақ елдерінің энергетика саласында қызмет ете жүріп, мына нәрсені аңғардым. Бұл араб мемлекеттері мұнай өндірісін едәуір арттырғысы келеді. Одан бөлек жаңартылған энергия көздерін де қарқынды игеру жоспары бар. Бұл екі бағытты да қатар дамытуға арналған стратегия. Мұнай мен газды молынан өндіре отырып, баламалы қуат көздеріне қол жеткізуді көздейді. Менің ойымша, мұндай үрдіс ОПЕК-ке енетін басқа да елдерге тән.

Дерекке сай, Саудия тәулігіне 10 млн, ал әмірліктер 4 млн баррель мұнай өндіреді. Алдағы жылдары қос араб мемлекеті көрсеткішті 2 млн-ға көбейтіп, шикізат саудасынан түсетін пайданы еселеуді көздеп отыр.

Шығанақтағы қара алтын өндірісінің өзгерісі баға саясатына қалай әсер етері әзірге белгісіз. Себебі жаһандық сұраныс тұрақты өсім көрсетіп жатқан жоқ. Тек Азия елдері, соның ішінде Қытай мен Үндістанның энергия тұтынуына қатысты болжам нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға сеп деуге болады.

Авторы: Рауан Мыңбай