Ташкентте ұлттық тағамдар фестивалі өтті

Ташкентте ұлттық тағамдар мен дәстүрлер фестивалі өтті. Әр этнос өздерінің байырғы астарын дайындап, көпшілікке ұсынды.

Іс шара қайырымдылық негізде ұйымдастырылды. Жиылған қаржы қатерлі ісікке шалдыққан балалардың еміне жұмсалады. Қазақстан елшілігі де аталған фестивальге қатысып, ұлттық мәзірді ұсынды. 

ХХІ ұлттық тағамдар мен дәстүрлер фестиваліне Ташкенттегі барлық дипломатиялық миссиямен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері қатысты. Шараның басты мақсаты елшіліктер арасындағы  достық байланысты нығайтып, әр ұлттың дәстүрлі тағамдарын насихаттау.

Әсел Абдрахманова, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің өкілі:

- Фестиваль жыл сайын өтеді. Қатысып жатырмыз. Әр жылы елшіліктің қыз-келіншектері дайындалып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, кәдесыйларды әкеліп, қуанып қатысып отырмыз.

Қазақстан елшілігі қазан көтеріп ет асты. Сары қымыз сапырып, бауырсақ таратылды. Көпшілік қазақтың ұлттық асынан дәм тату үшін кезекке тұрды. Олардың арасында бір кездері Қазақстанда туып, кейін Германияға көшіп кеткен жерлестерімізді кездестірдік.

Виктор Павличик, Германия азаматы:

- Германияда тұрамыз. Өзіміз Қазақстанда туып өскенбіз. Ташкентке қыдырып келіп едік, Қазақстанға тап болғандай әсер алдық. Жерлестерімізді көргенімізге қуаныштымыз. Туған жерге жалынды сәлем жолдаймыз.

Биылғы фестиваль қатысушылар саны бойынша жаңа рекорд орнатты. 120-ға жуық түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері дәстүрлі тағамдарын ұсынған. Ал қайырымдылық шарадан түскен қаржы онкологияға шалдыққан балалардың ем домына жұмсалады.