Биньямин Нетаньяху Дональд Трамппен кездеседі. LIVE
Израиль премьер министрі Биньямин Нетаньяху – бүгін Ақ үйдің басты қонағы. Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясында халықаралық сынға іліккен саясаткер Дональд Трамппен жүздесіп, Газадағы қақтығысты тоқтату жайын талқыламақ.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ақ үйдің маңы тек екі президенттің жағдайында осындай биік қоршаулармен қоршалатынын көріп жүрміз. Алғашқысы Украина президенті Зеленский болса, екіншісі міне, Израиль премьер министрі Беньямин Нетаньяху кезінде болып отыр. Бұл Трамптың екінші рет президент атанғалы израильдік саясаткерді төртінші рет қабылдауы ретінде де есте қалмақ. Мұнша көп Ақ үйдің қонағы атану бақыты әлі ешбір үкімет басшысынына бұйырмағанын да алға тартқан жөн. Бұл АҚШ пен Израильдің қарым-қатынасының ерекше жақсы екенін білдіреді. Бірақ Газадағы жағдай бұған да сызат түсіріп отыр. Демократтарды былай қойғанда, Республикашылдардың ішінде Тель-Авивпен біржақты қайтарымсыз байланысты сынайтындар қатары арта бастады. Бұл бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алғысы келген Трамптың сайлауалды бағдарламасындағы уәдесіне де сай келмейді.
Естеріңізде болса, Ақ үй қожайыны АҚШ-ты бірінші орынға қойып, барша қарулы қақтығыстардан ауылын аулақ саларын айтқан еді. Енді міне, кеше ғана: «Таяу Шығыста ұлы мақсатқа жетудің тарихи мүмкіндігі туып отыр. Тұңғыш рет барша тарап ортақ игі іске жұмылды. Біз міндетті түрде мұны жүзеге асырамыз!», - деп желіде пост жазып, ара-тұра сұхбаттарда әлдебір 21 бөлімнен, талаптан тұратын жоспардың бар екенін айтқан еді. Оның толық мәтіні ашылмаса да, оқ атуды доғару, израильдік тұтқындарды 48 сағат ішінде босату, Израиль әскерінің Газадан шығуы, қарусыздандырылған аймақтың құрылуы, ХАМАС-тың әскери әрекеттерден бас тартуы деген күнделікті естіп жүрген талаптармен қатар Газадағы ХАМАС билігінің орнына Газа халықаралық өтпелі үкімет құрып, оның күзетін араб елдері мен шетелдік әскерилерге тапсыру сынды тың байламдардың да барын біліп жатырмыз. Мұнда газалықтардың өз жерінен шығарып, көшіріп тастау пункті жоқ. Әрі АҚШ Израильдің алдағы оккупациялық әрекетіне жол бермейтін жері де қызу талқыға түсіп жатыр. Тіпті ара ағайын болған Қатарға да шабуыл жасамау сынды талап та айрықша болып қосылып отыр.
Диктор:
- Ал Израиль тарапы қандай пікірде? Аталған талаптарға келісетін халде ме?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Қазір Израильді қолдайтын елдер қатары сиреп, саусақпен санарлық халде болып отыр. Батыс елдерінің арасындағы біраз ел кешегі БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Палестинаның егемендігін мойындап, Нетаньяхуға үлкен соққы жасады. Қазір жалғыз АҚШ қана ықпал ете алатын халде. Нью-Йоркке ұшып келгеннен бері Нетаньяху келіссөзден келіссөз қалдырмай қатысып жатыр. Ақ үйге келер алдында кеше Уиткоффпен кездесті. Кеше Fox News арнасына берген сұхбатында Нетаньяху Трамптың жоспары бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты. ХАМАС басшыларын өзге елге шығарып, амнистия беруді де қарастырып отырғанын айтты. Яғни, түгел көздерін жойып жібереміз деген жоспардан бас тартқан сыңайлы. Тіпті Израиль премьер министрі: «Газалықтар ХАМАС-тың өзіне қарсы шығып жатыр», - деді. Десе де, әлі де Палестинаның тәуелсіз ел болуын қолдамайтынын алға тартты. Себебі Махмуд Аббас бастаған үкімет реформаланып, Израильмен достық қарым қатынаста өмір сүре алады деп ойламайтынын тілге тиек етті.