Дубай метросы өзін-өзі ақтай алды ма?
Елдегі басты инфрақұрылымдық жоба жайлы айттық. Ал шетелде урбанистикалық мәселелер қалай шешілуде?
Мәселен, Әмірлік билігі құны миллиардтаған доллар тұратын жерүсті метросы жобасынан тікелей пайда көрмесе де, жаңа станциялар құрылысына кірісіп кетті. Ол үшін бюджеттен 5 млрд доллар бөлінген. Бұл жайында қаланың жол және көлік басқармасы хабарлады. Мамандардың айтуынша, метро экономикаға жанама кіріс түсіріп отыр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Бұл – тек Араб Әмірліктері емес, әлемдегі бірден бір автоматтандырылған жерүсті метросы. Жалпы ұзындығы 100 шақырымға жуық теміржол желісі 2009 жылы іске қосылды. Содан бері ауқымы ұлғайып, станциялар саны көбейіп келеді. Метро құрылысына әмірлік 10 млрд доллар инвестиция салған. Жобаға бастапқыда бөлінген қаражат едәуір аз болғанымен, уақыт өте шығыны артып, жоспарланған межеден асып түсті. Соған қарамастан, құрылыс бір сәтке тоқтаған жоқ. Оның үстіне, толықтай автоматты басқарылатын метроға тағы 30 шақырымдық «Blue Line» желісі қосылатын болды. Ол үшін биыл 5 млрд доллар бөлініп, құрылыс басталып кетті. 2029 жылы толық пайдалануға беріледі.
Халид Абдулрахман әл-Ауадхи, Дубай Жол және көлік саласын басқару компаниясының департамент директоры:
- Дубай үшін өздігінен жүретін қоғамдық көлік қызметін дамыту – стратегиялық мақсат. Ол қаладағы кептелісті азайтады. Тұрғындарға ыңғайлы. Экономикаға оң әсері мол. Біз метродан бөлек, жүргізушісіз басқарылатын такси қызметін де енгізгелі отырмыз. Мұның барлығы шаһарды инвестиция үшін тартымды етеді. Жан-жақтан келушілер ағылады. Осы тұрғыда жобаны сәтті деуге болады.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Дегенмен, мамандар: «Метроға салынған инвестиция әлі күнге тікелей өтелмеді», - дейді. Билет және жарнамадан түсетін табыс тек қызмет көрсету шығындарын өтеуге жұмсалып жатыр. Жалпы метро іске қосылғалы оның қызметін миллиондаған жолаушы пайдаланған. Орта есеппен жылына 200 млн-нан астам адам игілігін көреді. Басым бөлігі сырттан келіп жұмыс істейтіндер мен туристер. Ал жергілікті арабтар бұл қоғамдық көлік түрін сирек қолданады. Вагондар «алтын» және «күміс» санатты болып бөлінген. Арақашықтыққа байланысты билет бағасы 1 мыңнан 2200 теңгеге дейін барады. Әйелдерге арналған бөлек, вагондар да қарастырылған. Тағы бір ерекшелік – метро маңындағы жылжымайтын мүлік құны едәуір жоғары. Әрі сұранысқа ие. Осыны ескерген билік станцияға жақын жер телімі мен нысандарды қымбат бағада саудалап, жалдау ақысын көбейткен. Сол арқылы еселеп пайда көріп отыр.
Авторы: Рауан Мыңбай