Испания клубы әлем назарын Алматыға аударды
Испанияның жетекші спорт және жаңалықтар агенттігі Алматыға жеткен “Реал Мадридтің” сапары туралы жан-жақты ақпарат таратып жатыр.
Туристік агенттіктер ойыннан кейін де Қазақстанға баратын қонақтардың саны күрт көбейеді деп отыр. Испандық клубтың әлеуметтік желідегі жазылушыларының саны 400 миллионнан асады. Мұндай ауқымды аудитория Алматыға әлем назарын аудартып, Қазақстанға қызығушылықты арттырды, дейді сала мамандары.
Йоланда Гарсия - Испания мен Қазақстанның қарым-қатынасы жайлы қалам тербеп жүрген испандық журналист. Өткен жылы осы еңбегі үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған “Қазақстан шетелдік БАҚтың көзқарасымен” атты халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Бүгінде испандық журналист Барселонада өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне дайындық жұмыстарын ұйымдастырып жүр. Енді міне испандықтар Қазақстанды тағы бір қырынан танып жатыр. Алматыға жеткен “Реал Мадридтің” сапары испандықтардың Қазақстанға деген қызығушылығын күрт арттырып жіберді, дейді журналист.
БЛИЦ
- Біздің жігіттер Алматыға жетті. Осыдан кейін Қазақстан туралы ақпаратқа қызыға бастадым, жан-жақты іздей бастадым.
- Қазақстан туралы өте аз біледі екем, Реал Мадридтің сапарынан кейін бірден интернетке кірдім, көп ақпарат ақтарып шықтым. Шынымды айтсам, бір жағынан қызықтым. Турист ретінде Қазақстанды барып көргім келеді.
Йоланда Гарсия, журналист:
- Испандықтар спорт пен өнерді өте жоғары бағалайтын халық. Димаштың әніне тәнті боп жүрген біраз испандық енді спорт жаңалықтарына елең ете қалды. Бұл шара өзім аса қатты жақсы көретін Қазақстанның беделін одан әрі арттыра түсетін болды, мен соған қуанамын.
Жиырма бір жастағы қазақстан азаматы - Ринат Маратов Мадрид қаласында студент. Қазір ол Испаниядағы Universidad Europea Университетінде спорт менеджменті мамандығы бойынша білім алып жүр. “Қайрат” пен “Реал Мадрид” арасындағы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі матч - испандық достарым мен университеттегі әріптестерімнің арасында қызу талқыланып жатқан тақырып, дейді ол.
Ринат Маратов, студент:
- Бір екі жыл бұрын осы Мадридқа енді келгенде және өзім футбол ойнағанда балалар менен сұрайтын еді: қай елден, қай жерденсің деп. Қазақстан дегенде көбісі білмейтін еді, қай жерде деп сұрақтар қоятын. Енді Алматылық осы Қайраттың арқасында лига чемпионовқа шыққанның арқасында біздің еліміз туралы біле бастады. Кеше ғана маған достарым жазып: сен Қазақстаннан емессің бе деп. Мен жаңағы мақтанышпен иә деп. Сәттілік жігіттер, алға Қайрат!
Испандық клубтың тек әлеуметтік желідегі жазылушылар саны 400 миллионнан асады. Мұндай ауқымды аудитория елімізге әлем назарын аудартып, халықаралық ынтымақтастықты арттыруға зор мүмкіндік болмақ.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач