Елде халықаралық ЖИ орталығы ашылады

Премьер-министр Олжас Бектенов Минск қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты.

Жиынға Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Армения, сондай-ақ Өзбекстан, Иран, Куба, Әзербайжан өкілдері мен халықаралық ұйым басшылары келді. Кеңесте сауда-экономикалық байланыстар, көлік инфрақұрылымы, цифрландыру, агроөнеркәсіп және өнеркәсіптік кооперация мәселелері талқыланды. Қазақстан  Үкіметінің басшысы кооперацияны, транзиттік және цифрлық жобаларды дамытуға ерекше назар аударды. Олжас Бектенов елде Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылатынын айтып, одақ елдерін бірлескен  жобаларды ілгерілетуге шақырды. Отырыс қорытындысы бойынша экономикалық интеграцияны, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қолдауға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды. Келесі жиын желтоқсанда Мәскеуде өтеді деп жоспарланған.